«Азаматтарға арналған үкімет» неке және туу туралы алғашқы куәлікті табыстады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалында АХАЖ желісі бойынша алғашқы мемлекеттік қызмет алушыларды құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласының аудандық АХАЖ бөлімдерінде Астана күніне, сондай-ақ АХАЖ функцияларын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтуіне орай іс-шара ұйымдастырылды. Филиал директорының орынбасары Фарида Бөкижанова алғашқы неке және баланың туу туралы куәлігін алушыларды құттықтап, оларға мемлекеттік корпорация атынан естелік сыйлықтар табыс етт.

«Бүгін Алмалы және Медеу ауданының АХАЖ бөлімдерінде жас жұбайлар мен сәбилі болған ата-аналарды құттықтадық. Олар Мемлекеттік корпорацияның елтаңбалы мөрі қойылған Неке және баланың туу туралы алғашқы куәлігінің иегерлері атанды. Сондай-ақ жас жұбайларға гүл шоқтары мен жаңа туған нәрестелерге жұмсақ ойыншықтар табысталды. Осылайша, бүгін ондаған қала тұрғындарының отбасылық тарихы тағы бір қызықты оқиғамен толықтырылды», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бөкижанова.

Оның айуынша, АХАЖ функцияларының ауысуынан қызмет алу тәртібі өзгерген жоқ. Некеге тұру үшін өтініш бұрынғысынша Электрондық үкіметтің e-gov. kz. веб-порталы арқылы электронды түрде беріледі. Қалауыңыз бойынша неке қиюды салтанатты жағдайда өткізуге болады.
«Естеріңізге сала кетейік, АХАЖ қызметтерін тек тіркеуші органның қызметкерлері ғана көрсететін болады. Қолданыстағы мемлекеттік қызметтер стандарттары, қызмет көрсету тәртібі мен мерзімдері де әдеттегідей. АХАЖ-дың барлық әлеуметтік маңызды қызметтері (туу және өлімді мемлекеттік тіркеу) тегін. Ақылы қызметтер қосылған құн салығын ескере отырып есептеледі», - деді ол.

Айта кетейік, АХАЖ органдардың функциялары 1 шілдеден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына берілді.
