Азаматтық авиация комитеті кешіктіріліп жатқан рейстерге қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM - Азаматтық авиация комитеті елорда және Алматы әуежайынан ұшуы кешіктіріліп жатқан екі рейске қатысты түсініктеме берді.
"20 ақпанда "Vietjet" әуе компаниясының VJ 062 рейсі "Алматы–Камран" бағыты бойынша кестеге сай сағат 02:05-те ұшуы тиіс болатын. Рейстің ұшуы ағымдағы тәуліктегі сағат 23:00-ге ауысты. ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес, барлық жолаушылар қонақ үйге орналастырылған, оларға сусындар, ыстық тамақ берілуде" делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Азаматтық авиация комитеті кешеден бері ұшуы шегеріліп келе жатқан "Астана-Дубай" рейсіне қатысты да түсіндірме берді.
"Fly Dubai" әуекомпаниясының "Астана-Дубай" бағыты бойынша 19 ақпандағы FZ 1304 рейсі бастапқыда 19 ақпандағы сағат 05:05-ке ауыстырылған болатын, алайда техникалық ақау себебінен рейс бүгін сағат 21:30-ға дейін кешіктіріледі. Жолаушылар қонақ үйге орналастырылады, ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес сусындар, ыстық тамақ берілуде. Сондай-ақ, жолаушыларға әуе билеттерін қайта брондау және толық қайтару ұсынылды" деп мәлімдеді ААК баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, туристік пакет шеңберінде ұшақ билеттерін сатып алған жолаушылар туроператорларға хабарласуы қажет.