Азаматтық қорғау академиясындағы оқиға: 3 оқытушы, 3 курсант сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық Қорғау академиясында болған пара беру оқиғасына қатысты 6 адам сотталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты.
— Ақмола облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық Қорғау академиясының оқытушысы Г. Хасанова, саптық бөлімше командирлері И. Ерназар, Р. Шайкенов, сондай-ақ курсанттар Б. Сейтебай, А. Аманбай және А. Еркіндерді соттады. Үкім оқу орнында барлық жеке құрамның алдында жарияланды. Хасанова пара алғаны үшін, ал оқушылар жалпы білім беру пәні бойынша аралық бақылаудан өтуге пара бергені үшін кінәлі деп танылды, - деді ол.
Мәлім болғандай, оқу взводтарының командирлері Ерназар мен Шайкенов курсанттарға сержант атағын алып берем деген желеумен олардың ақшалай қаражатын иемденген.
Ерназар Ресей ТЖМ академиясына оқуға түсуге жәрдемдесу сылтауымен талапкердің ата-анасынан сомасы 2,5 млн теңге ақшалай қаражат алған.
Сот үкімімен Ерназар 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, Хасанова, Шайкенов және басқаларға айыппұл түрінде жаза тағайындалып, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар, сотталғандар: Хасанов – полковник, Ерназар – капитан және Шайкенов - азаматтық қорғау аға лейтенанты арнайы атақтарынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Астанада пара алып, балабақша орнын саудаға салған шенеунік ұсталды.
Спортты дамыту дирекциясының басшысы 584 млн теңге қаржы жымқырғаны анықталды.
«Каспий» ФК басшысы діни ағым өкілдерімен бірлесе ақша бопсалағаны белгілі болды.