Азаматтық некеден туған балаға әкесі алимент төлей ме – заңгер жауабы

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Заңгер Алексей Бажков азаматтық некеден туған балаға әкесі алимент төлейтін-төлемейтіндігін айтты.

алимент төлеу
Коллаж: Kazinform

Қазіргі заманда заңды некеге отырмай-ақ бір шаңырақтың астында тұрып жатқандарды естіп, көріп жүрміз. Арасында балалы болып, кейін айырылысып жататындар да бар. Сол кезде баласын асырау, бағып-қағу жалғыз анасына жүк болып қалады.

Ал перзентінің әкесімен некеге тұрмаған әйелді «алимент өндіре аламын ба?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Бұл сауалға заңгер Алексей Бажков жауап берді.

«Егер азаматтық некеде тұрса, онда олар ажырасуға арыз бере алмайды, өйткені іс жүзінде неке болмаған. Егер ер адам баланың әкесі деп танылса, онда әйел балаға алимент талап етуге құқылы. Ал әкесі алимент төлеуге келіспеген жағдайда, тиісті арызбен сотқа жүгінуі қажет. Бірақ әйел алименттің оның жалақысы еместігін, тек балаға арналған қаражат екенін есте ұстауы керек», - деп жауап берді ол Kazinform тілшісінің сауалына.