Азаматтық авиация академиясына жаңа ректор тағайындалды
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тілек Ербөлеков 1981 жылы Ақтөбе азаматтық авиация жоғарғы ұшу училищесін инженер-ұшқыш (әуе көлігін пайдалану) мамандығы бойынша бітірген. Сонымен бірге ол «Dassault Aviation» (Франция), «Jet Tech International» (АҚШ), Flight Safety Boeing (АҚШ), «Turkish Airlines Training Center» (Түркия), British Airways Training Center (Ұлыбритания) оқу орталықтарында қосымша білім алған.
Еңбек жолын Т.Ербөлеков 1981 жылы Петропавлдағы бірлескен әуе отрядында ЯК-40 ұшағының екінші ұшқышы ретінде бастаған. 1983-1990 жылдары Орал бірлескен әуе отрядында L-410 ұшағының командирі болып жұмыс істеді. 1990-1995 жылдары ТУ-134 әуе кемесінің екінші ұшқышы болды. 1995-1996 жылдары Falcon-900 ұшағының ұшқыш-нұсқаушысы, командирі болды. 1997-1999 жылдары «Эйр Қазақстан» әуе компаниясының Ту-134, Boeing 737-200 ұшу отряды командирінің орынбасары, командирі болды. «Боинг» ұшағының Designated Examiner - емтиханшы ұстаз ретінде біліктілігі бар.
1999 жылдан бастап 2001 жылға дейін «Эйр Қазақстан» ЖАҚ ұшу қауіпсіздігі инспекциясы бастығының орынбасары, содан кейін бастығы қызметін атқарды. 2001 жылдан бастап 2006 жылға дейін «Эйр Астана» ЖАҚ Өндірістік директоры лауазымын атқарды, Жоғары аттестаттау комиссиясының (ЖАК) мүшесі болды. 2006-2007 жылдары «Бүркіт» РМК директорының орынбасары қызметін атқарды. 2007-2013 жылдары - «Эйр Астана» ЖАҚ Боинг 757/767 әуе кемелерінің ұшқыш-нұсқаушысы, 2013 жылы - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің ұшуларды орындау басқармасының бастығы болды.
2013 жылдың тамыз айынан бүгінгі тағайындауға дейін - «Эйр Астана» әуе компаниясында Boeing 757/767 әуе кемелеріне нұсқаушы-ұшқыш ретінде жұмыс істеді.