Азаматтық авиация комитеті білікті мамандарды мемлекеттік инспектор лауазымына жұмысқа шақырады

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитеті штатын авиациялық білімі және аталған салада айтарлықтай тәжірибесі бар білікті мамандармен жасақтау мақсатында мемлекеттік инспектордың бос 11 орнына кезекті байқау жариялады.

Азаматтық авиация комитеті білікті мамандарды мемлекеттік инспектор лауазымына жұмысқа шақырады

Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ұшуды жүзеге асыру басқармасындағы мемлекеттік инспектордың 4 бос орнына тағайындалған сынаушы немесе әуе кемесінің командирі (кемінде 5000 ұшу сағаты) ретінде инструкторлық тәжірибесі бар мамандар шақырылады. Азаматтық авиация саласындағы жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы тиіс.

Ұшу жарамдылығы басқармасының мемлекеттік инспекторы лауазымына үміткерлердің (3 бірлік) азаматтық авиацияның әуе кемелерін жөндеу бойынша немесе әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және әуе кемелерін пайдалану стандарттарын қолдану бойынша білімі мен еңбек тәжірибесі болуы, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы еңбек өтілі 8 жылдан кем болмауы керек.

Аэронавигация басқармасының басшылығы мен қызметкерлеріне (3 бірлік) үміткерлердің азаматтық авиация саласындағы 5 жылдық еңбек тәжірибесінен бөлек, аэронавигациялық қызмет көрсету ұйымдарында (әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету, ұшуларды радиотехникалық қамтамасыз ету, аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету) басшылық қызмет атқарған тәжірибесі болуы шарт. Сондай-ақ, ИКАО-ның стандарттары мен ұсыныстарын, процедураларын және аэронавигациялық қызмет көрсету саласындағы халықаралық құжаттарын толық білуі міндетті.

Авиациялық медицина персоналына куәлік беруді ұйымдастыру жөніндегі басқарманың мемлекеттік инспекторы лауазымына үміткерлер ИКАО-ның стандарттары мен ұсыныстарын, процедураларын, сондай-ақ авиациялық медицина саласындағы басқа да халықаралық құжаттарды білуі міндетті. Азаматтық авиация саласындағы еңбек тәжірибесі кемінде 5 жылды құрауы керек.

Жоғарыда көрсетілген талаптардан басқа, барлық үміткерлердің Еуропалық авиациялық стандарттармен жұмыс істеуде еңбек тәжірибесінің болуы, тиісті курстардан өткендігі жөнінде сертификаттарының болуымен қатар, ИКАО-ның баға шкаласы бойынша ағылшын тілін 4- деңгейде меңгеруі міндеттеледі.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Азаматтық авиация комитетіне қызметке тартылған мамандардың еңбек ақысының деңгейі жоғарылатылып, бүгінгі күні оның көлемі авиация саласындағы мекемелердің еңбекақысы деңгейіне сай келіп отыр.