Азаматтық авиация комитеті министрліктен бөлінуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация саласындағы қызметін жаңадан құрылатын ұлттық компанияға беру мәселесін қарастыру үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірлескен жұмыстардың негізінде (Британдық азаматтық авиация агенттігі - агенттік ескертпесі) біздер британдық модельді енгізудің әдістерін әзірледік. Ол ұшулар қауіпсіздігі саласындағы бақылау және қадағалау қызметтерін азаматтық авиация саласындағы бақылау мен қадағалау жөніндегі ұлттық компания нысанында құрылатын, министрлікке есеп беретін жаңа құрылымға беру бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейді», - делінген ҚР ИДМ жанындағы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, инспекторлар түріндегі штаттық санның бір бөлігі ұлттық компанияға өтеді, ал министрлікте мемлекеттік саясат пен халықаралық қарым-қатынастарды қалыптастыру қызметі сақталады.
Таратылған ақпаратқа сәйкес, азаматтық авиацияны реттеудің британдық моделі әлемдегі ең алдыңғы қатарлы басқару формасы саналады және ұшулар қауіпсіздігі саласындағы бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ететін мемлекеттік корпорация болып есептелінеді. Британдық агенттіктің штаттық саны шамамен 800 адамды құрайды. Мемлекеттік корпорация азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік саясатты түзетін Ұлыбританияның Көлік департаментіне бағынышты.