Азаматтық авиация комитеті ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ұшқыштарды қызметінен босатуды ұсынады

Зерттеу нәтижелерінде ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті өз құзыреті шеңберінде әуе компаниясы басшылығының атына әуе компаниясының ұшу қызметіне және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды атқарып отырған қызметтерінен босатуға дейінгі жауапкершілікке тарту, бұған қоса, әуе кемесінің командирін екінші ұшқыш санатына ауыстыру туралы ұсыныс берілді.
Осы оқиғаға байланысты ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғаған. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстары барысында орын алған оқиғаға өз бағаларын беретін болады.
Бұған қоса, отандық авиатасымалдаушы компаниялардың басшыларына мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін аталған авиациялық оқиғаның себептерін ұшу-техникалық құрамына жеткізу ұсынылды.
Естеріңізге салып өтейік, 2013 жылғы 7 ақпанда Тараз-Алматы рейсін орындаған АН-24РВ (тіркеу № UP-AN416) ұшағының Алматы халықаралық әуежайына қону кезінде қону бағытынан шығып кетіп, ұшу-қону жолағының жанындағы қауіпсіздік жолағына өтіп кету оқиғасы орын алған еді.