Азаматтық авиация комитетіне білікті кадрлар қабылдау жалғасуда

АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитетіне білікті кадрларды қабылдау жалғасуда. Бұл қабылдау комитеттің штатын авиациялық білім алған және осы салада жұмыс атқаруда едәуір тәжірибе жинақтаған білікті мамандармен толықтыру мақсатымен жарияланған болатын, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.

Азаматтық авиация комитетіне білікті кадрлар қабылдау жалғасуда

ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров атап көрсеткендей, конкурстық комиссия мүшелері кандидаттарды таңдағанда, ең алдымен олардың кәсіби деңгейі және жұмыс тәжірибесіне басты назар аударады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда азаматтық авиацияның мемлекеттік органдарында қызмет атқаруға барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысының Жарлығымен олардың еңбекақы көлемі ұлғайтылып, сала кәсіпорындарындағы орташа жалақы деңгейіне жеткізілді. «Сондықтан тиісті біліктілігі мен тәжірибесі бар үміткерлердің барлығы конкурсқа қатыса алады. Бізге нағыз мамандар қажет»,- деді ол.

Бүгінгі күнге ұшуды пайдалану басқармасына, ұшу жарамдылығы басқармасына мемлекеттік инспекторлар, аэронавигация басқармасының мемлекеттік инспекторы, әуежайлар басқармасының мемлекеттік инспекторы, сонымен бірге халықаралық қатынас және авиациялық тасымал басқармасының сарапшы лауазымдарына вакансиялар ашылғандығын атап өтуге болады.

Комитет біліктілік талаптарын да белгіледі. Ең алдымен үміткер мемлекеттік қызметке алынуда талап етілетін стандартты рәсімдерден, атап айтқанда тестілеуден өтуге тиіс. Екінші кезең - әңгімелесуден өту. Онда саладағы тәжірибесі мол мамандарға, сонымен қатар қазір жұмыс атқарып жүрген ұшқыштарға, инженерлерге, аэронавигация диспетчерлеріне және әуежай қызметі мен авиация тасымалында жүрген мамандарға артықшылық беріледі.

Аталған талаптармен қоса ұшуды пайдалану, ұшу жарамдылығының аэронавигациясы бойынша кандидаттардың Еуропа авиациялық стандарттарымен жұмыс жасау тәжірибесі, соған сәйкес тиісті курстардан өтті деген сертификаттары болуы шарт, сонымен бірге ИКАО-ның бағалау шкаласына сәйкес деңгейде ағылшын тілін білуі қажет.

Бұның сыртында, ИКАО-ның Техникалық ынтымақтастық бюросы перрондарды тексеру жөнінде жаттығулар өткізіп, консультациялық көмек көрсетіп отырады. Ұшу қызметінің мамандары үшін тренажерлік дайындықтан өту және ұшу біліктілігін қолдау, сонымен бірге барлық инспекторларды біліктілік курстарында оқыту шаралары белгіленген.