Азаматтық авиация қызметкерлері арасында мини-футбол бойынша турнир өткізілді
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылғы 19-21 тамыз аралығында «Астана халықаралық әуежайы» АҚ стадионында Көлік және коммуникация министрлігі азаматтық авиация комитетінің қолдауымен азаматтық авиация қызметкерлерінің арасында мини-футбол бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған турнир өткізілді.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен хабарланды.
Азаматтық авиация қызметкерлері үшін дәстүрге айналған аталған турнир осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Турнирге Қазақстанның азаматтық авиациясының түрлі авиакәсіпорындарынан 10 команда қатысты. Барлық командалар жоғары дайындық пен жеңіске деген құштарлығын көрсетті. Тартысты және ымырасыз сайыста турнирде бірінші орынды және ауыспалы кубокты кәсіпорынның басшысы Айбол Бекмұхамбетов басқаратын «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ командасы үшінші рет жеңіп алды. Екінші орынды «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ, ал үшінші орынды «Атырау халықаралық әуежайы» иеленді.