Азаматтық авиация саласында жолаушылар ағыны 38 пайызға төмендеді
«Азаматтық авиация саласында 2020 жылы қаңтар-маусым кезеңінде жолаушылар ағынының көрсеткіші 2,3 млн адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 38 пайызға аз. Бұл көрсеткіш коронавирус індетінің таралуын азайту бойынша енгізілген шектеулерге байланысты төмендеп отыр», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның дерегінше, биыл Түркістан қаласында жаңа халықаралық әуежай іске қосылады деп жоспарланған. Ал Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталды. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының құрылысы және Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін қайта жаңарту жалғасады.
«Ішкі туризмді дамыту аясында қаржы бөлінген жағдайда Үржар және Үшарал қалаларындағы әуежайдың ұшу-қону жолақтарын қайта жаңарту басталады», - деді Сайранбек Бармақов.