«Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы: қазақстандықтарға 11,3 млн теңге сыйақы төленді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы аясында азаматтық белсенділік танытқан қазақстандықтарға 11,3 млн теңге сыйақы төленді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл акция басталғаннан бері азаматтардың хабарлауы бойынша 11,3 мың заң бұзушылық фактісі расталды, оларға 11,3 млн теңге сомасында сыйақы төленді. Мұндай заң бұзушылық үшін алғашында кәсіпкерге ескерту беріледі, ал егер бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің өлшеміне (шағын, орта, ірі) байланысты болады. Жыл басынан бері заң бұзушылықты қайталағаны үшін 474 кәсіпкерге 14,6 млн теңгеге айыппұл салынды», - деп мәлімдейді Комитеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы 2020 жылдың мамыр айынан бастап өткізіліп келеді. Мақсат – азаматтық белсенділікті арттыру, кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестікті ынталандыру, тұтынушылар құқығын қорғау, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту. Акция аясында азаматтар Мемлекеттік кірістер органдарына тиісті
нысандарда бақылау-касса машинасының фискалды чегінің берілмегені және банк картасын қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлай алады.
Фискалды чекті бермеу және банк картасын қабылдаудан бас тарту фактілері туралы App Store және Play market арқылы жүктелетін «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасынан хабарлап, заң бұзушылық фактісі расталған жағдайда телефон теңгеріміне сыйақы алуға болады.