Азаматтық форумда ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ашық әңгімелер қозғалады - Ерімбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 қарашада елордада 7-ші Азаматтық форум өтіп, онда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері елімізде орын алып жатқан жайттар төңірегінде ашық пікір білдіретін болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазақстанның Азаматтық альянсы» Заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«25 қарашада еліміздің барлық өңірлерінің 400-ге жуық делегатының басын қосатын 7-ші Азаматтық форум өтеді. Біз ол жерде елімізде қандай жайт орын алып жатқаны төңірегінде, адамдардың көңіл-күйі жайында ашық, әділ әңгімесу өткізгіміз келеді. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдар біздің өміріміздің барлық саласында жұмыс істейді. Біз оларға құр босқа келмей, бүгін халық не айтып жатқанын, өздерінің пкірлерін ашық білдіруге шақырамыз. Ең бастысы біздің форумға шешім қабылдайтын адамдар қатысатын болады. Мен біздерді де шақырамын. Сіздер әділ, ашық, кей кезде бет-жүзіңе қарамай айтылатын әңгімені көресіздер», - деді ол.
Оның айтуынша, форум аясында барлық делегаттар министрлік басшыларымен кездесетін болады.
«Қазіргі уақытта біз барлық министрліктердің келісімін алдық», - деген ол шараның Ұлттық музей ғимаратында өтетіндігін айтты.
Сонымен қатар Ерімбетов шараны өткізуге қанша қаржы жұмсалатындығын атап өтті. «Жаңа құрылған министрлік (Дін істер және азаматтық қоғам министрлігі) жанынан ашылған арнайы грант беретін мекеме бар. Сол мекеме біздің шарамызға 30 миллион теңге бөліп отыр. Ол қаржыға кітап шығару, көрме ұйымдастыру, форум өтетін орынның жалдау ақшасын төлеу және ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі», - деген альянс басшысы өңірлерден келетін делегаттарды күтіп алу жұмыстарын әр министрлік өз мойнына алып отырғандығын ескертіп өтті.
Ал Қазақстанның Азаматтық альянсы директоры Ильдар Кәтенов өз сөзінде форум аясында үкіметтік ұйымдар арасында «Таным» сыйлығын табыстау рәсімі өтетіндігін айтты.
«Форум аясында үкіметтік емес ұйымдардың ең үзіктерін марапаттау шарасы өтеді. «Таным» сыйлығының 14 аталымы бар. Оның 13-і бойынша біз ҮЕҰ қызметінің түрлі бағыттары бойынша табыстаймыз. Ал 14-ші сыйлық ел аумағында үздік танылған, азаматтық қоғамды дамытуға зор үлес қосқан ұйымға табысталады», - деді ол.