Азаматтық іс жүргізу кодексі халық назарында - Астана қаласы Есіл аудандық сотының төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық Есіл аудандық сотының төрағасы Гүлнәр Әбдіғалиеваның төрағалығымен Азаматтық іс жүргізу кодексін құқықтық жаңғырту, жаңа құқықтық новеллалардың азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы және заңдылық пен құқық тәртібін нығайтудағы маңызы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді.

Азаматтық іс жүргізу кодексі  халық назарында - Астана қаласы Есіл аудандық сотының төрағасы

Қазіргі уақытта Азаматтық іс жүргізу кодексі бұқара халықтың назарына алынып, қоғамдық талқылауға түсуде. Бұл әлі де қоғамның белсене атсалысуын қажет етеді. Өйткені азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарының, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуы, құқықтық қорғалуы адамдардың жеке құқықтық сауаты мен заман талабына сай қуатты заңның көмегімен атқарылатыны белгілі. Сондықтан ел азаматтары заңдылық пен құқық тәртібін нығайтудың, мемлекетті құқықтық орнықтырудың, әрбір тұлғаның құқықтары мен мүдделерінің әділетті қорғалуын және құқықтық қатынастарды реттеуге зор ықпал ететін Констиуциялық құжат болуына атсалысқаны қажет. Мұны шараны жүргізу барысында Есіл аудандық сотының төрағасы Гүлнәр Әбдіғалиева атап өтті. - Мемлекет басшысы судьялардың VI съезінде азаматтық іс жүргізу заңнамасын жаңғыртудың, медиация институтын дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Съезде Елбасы: «Азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту қажет. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталуы тиіс. Сот шешімдерін қайта қарауды талап ететін жағдайларды тоқтатып, шектейтін заңмен негізделген әдістемені дайындап, енгізген жөн. Барлық соттар жаңа заңнама жағдайындағы жұмысқа дайын болуға, істі жедел, заңды және әділ қарауды қамтамасыз етуге тиіс» деген болатын. Азаматтық іс жүргізу кодексін бүгінгі жаһандық ахуалға сай жаңғыртудың тұжырымдамасы ел Президентінің 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге негізделген құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген. Осыдан 15 жыл бұрын қабылданған Азаматтық іс жүргізу кодексін құқықтық жаңғыртудың уақыты келді. Ел экономикасының іргелі дамуы, индустриялық-инновацияның мемлекетте қарқын алуы, Қазақстанның әлемдік экономикаға ықпалдасуы, елдегі инвестициялық ахуалдың жандануы - Азаматтық іс жүргізудің құқықтық тетіктерін жетілдіріп, қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық қуатын арттырудың маңызын көрсетті. Азаматтық іс жүргізу құқығы сот төрелігіне қолжетімділікті, азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыруды қамтамасыз етуді қарастырады. Заң жобасы әділдік, заңдылық, бейтараптық принциптерін нормативтік құқықтық орнықтыруға, жарыспалық ұстанымдардың қолданысын ұлғайтуға және азаматтық істер бойынша сотта істі қараудың үзіліссіз принципін қалыптастыруға бағытталған,- деді сот төрағасы Гүлнәр Әбдіғалиева. Әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Азаматтық кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. Ал, азаматтық заңдар өздерi реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергiсiз жүзеге асыру, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделген. Азаматтарға сот қорғауында өз құқықтарын неғұрлым толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сот төрелігін қамтамасыз етудің жолдары мен тәсілдері айқындалған. Азаматтық істерді жедел қарап шешуді қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына істерді дайындау сатысы оңтайландырылған. Жеке-құқықтық жанжалдар тараптар арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сондай-ақ, соттан тыс азаматтық құқықтарды қорғаудың нысандарын қарастырады. Соттық медиация тәсілі қолданыста. Мәселен, медиациялық жолмен 49 азаматтық іс аяқталып, 66 іс бейбіт келісіммен тоқтатылған. Бұл адамдарды ізгілікке тәрбиелейтін, екі тараптың бейбіт келісіммен татуластырудың айқын жолы болмақ. Заң жобасында «Татуластыру рәсімдері» деген бөлек тарауда медиация тәртібімен дауды шешуге бағытталған бітімгершілік келісімдер мен шарттар жасаудың рәсімдері мен салдарын құқықтық реттеу қарастырылған. Заң жобасымен іс жүргізу заңнамасына сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, азаматтарға өтініштерді бірінші сатыдағы соттарда ғана емес, барлық жоғары тұрған сатыларда электрондық құжаттар түрінде беру мүмкіндігі, іс жүргізуге қатысушыларға сот құжаттарының көшірмелерін электрондық түрде алу құқығы. Қазіргі уақытта «электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде барлық сот органдары қызметі кезең-кезеңімен электронды технологияға көшіріліп келеді. Өйткені бүгінгі адамдардың өмір, заман талабы интернет желісімен, электронды жүйемен байланысты. Инновациялық технологияның қоғам өміріне тереңірек кірігуі электронды қызмет саласын мейлінше кеңірек қолданудың маңызын көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Астана қалалық сотының ресми сайттарында «Сот кабинеті» электронды онлайн сервисі орналасқан. Астана қалалық сотының интернет-ресурсында орналасқан онлайн құжат айналымы - «Сот кабинеті» азаматтар мен ұйымдардың сот органдарымен электронды өзара іс-қимылының жаңа тәсілі. «Сот кабинеті» сервисі жобасы бұқара халықтың кең қолданысында болып, адвокаттардың, судьялар мен сот мамандарының тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтық мәдениетінің жетілуіне, олардың өздерінің конституциялық құқықтарын еркін пайдаланып, құқықтарының сақталауы, қорғалуына септігін тигізеді. «Бұл бағытта Есіл аудандық сотының судьялары мен сот мамандарының біліктілігін көтеріп, жаңа технологияны игеруде белсенділік таныту, сөйтіп сот қызметкерлерінің одан әрі мамандануына ықпал ету қажеттігі - біздің басты міндетіміз», деп атап өтті Гүлнәр Әбдіғалиева. Есіл аудандық соттарының электронды жүйесі корпоративтік желіге біріктірілген, яғни, сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйесіне қосылған. Сот залдары сот процестерін аудио-бейне жазуға, тіркеуге, бақылауға және бейнеконференция өткізуге лайықталған. Мәселен, аудио жазу, тіркеумен өткен жылы 2812 азаматтық іс, 2013 жылы 2073 іс қаралған. Жалпы 2014 жылдың 12 ай мерзім аралығында Астана қаласының Есіл аудандық сотымен 4823 іс өндіріспен аяқталған (2013 жылы - 3959 іс), оның ішінде 2483 іс бойынша шешім шығарылған (2013 жылы - 1729 іс), яғни 21 пайызға өскен. Барлығы сотпен жалпы саны 7 227 өтініш пен материалдар қаралған. Өтініштерді қайтару фактісі бойынша көрсеткіш саны 23 пайызға қысқартылған (570-тен 440-қа дейін). Сондай-ақ, 2014 жылы сотта 49 азаматтық іс медиация тәртібімен және 66 азаматтық іс бітімгершілік келісіммен аяқталып, тараптар арасындағы көптеген даулар екіжақты келісіммен шешілген. Аталмыш статистикалық мәліметтердің талдауы «Медиация туралы» заңының нормаларын қолдану арқылы азаматтық істердің ұлғайғанын көрсетті. Есіл аудандық сотында 6 судья қызмет атқарған еді, қазір 10 судьяға штат саны ұлғайтылды. Бұл әділ сот төрелігін жүргізудің айқын көрінісі. Шараны қорытындылыған сот төрағасы Гүлнәр Әбдіғалиева жаңадан тағайындалған судьялардың біліктілігін көтеру және судьялардың істі сапалы қарауын, сот мәжілістерін уақтылы бастауы, сот актілерін заң талаптарына сәйкес сақтауын тікелей басшылыққа алатынын қадап айтты, деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.