Азаматтық қоғамды дамытуға айтулы үлес қосып отырған парламентаризм беделі жыл сайын артып келеді - Жоғарғы Сот төрағасы
Бүгін Парламент Сенатында «Қазіргі заманғы парламентаризм: қалыптасуы, дамуы және заң шығару процесінде билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияда ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров осылай мәлім етті.
«Мемлекеттік биліктің үш тармағы ішінде Парламенттің орны ерекше. Өйткені, заң шығару арқылы Қазақстан халқы өз билігін жүзеге асырады. Сондықтан, Парламенттің Президентпен, Үкіметпен, сот билігімен өзара қатынасының біртұттас жүйесін қалыптастыра білуі елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға әсер етеді», - дейді Б. Бекназаров.
Оның сөзіне қарағанда, заң шығарушы орган мемлекеттің саяси мәдени өміріне де белсене араласатын, қоғамның дамуына, өркендеуіне, саяси тұрақтылығына мейлінше ықпал ететін саяси-әлеуметтік, мәдени-құқықтық институт болып табылады. Ал тәуелсіздіктен бергі кезеңде дер кезінде қабылданған заңдар қоғамдық тәртіптің бекуіне, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің нығаюына ықпал еткен.
«Бұл экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты. Сондықтан да, қазақстандық қоғамның саяси өміріне белсене араласып, азаматтық қоғамды дамытуға айтулы үлес қосып отырған парламентаризм беделі жыл сайын артып келеді деп есептеймін», - дейді Б. Бекназаров. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Парламентінің қалыптасуы, заң шығарушылық ауқымының өсуі, біліктілігінің артуы, сот жүйесінің де қарқынды өзгеруіне жол ашқан.