Азаматтық қорғаныс академиясын құру қажет - Төтенше жағдайлар министрі

АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Көкшетау техникалық институты базасында Азаматтық қорғаныс академиясын құру қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті,

Азаматтық қорғаныс академиясын құру қажет - Төтенше жағдайлар министрі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, барлық санаттағы құтқарушылар мен азаматтық қорғаныс бөлімшелеріндегі қызметкерлердің апаттық-құтқару және басқа да жағдайлардағы шаралары барысында біліктілігін жетілдіру өзекті мәселенің бірі болып табылады. «Бұл ретте ең алдымен Көкшетау техникалық институты базасында Азаматтық қорғаныс академиясын құру аса маңызды болып отыр. Бұндай академияны құру туралы Мемлекет басшысының жетекшілігімен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мәселе көтерілген болатын», деді министр.

Министрдің айтуынша, мамандарды даярлау мен қайта даярлаусыз төтенше жағдайлар бөлімшелеріндегі жағдайды жақсарту мүмкін болмайды.

Сонымен бірге, В. Божко Астана қаласында орталық авиациялық база салу мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұндай база төтенше жағдайлар орын алған аумаққа күштер мен құралдарды жеткізуді жеделдетуге жәрдем береді. «Қазір бұндай авиабазаның барлығы Алматы қаласында орналасқан. Егер республика орталығында бір оқыс жағдай қалыптасып, оған арнайы тікұшақ қажет етілсе, оның келуіне де әжептәуір уақыт кететін болып отыр», деді министр.