«Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасы Сенатқа жолданады - вице-министр В.Петров

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - Жақын арада «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасы Сенаттың қарауына жолданады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен болған кездесуде ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров мәлім етті.

«Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасы Сенатқа жолданады - вице-министр В.Петров

Айта кетейік, аталған заң жобасы бірінші оқылымда «Ақ жол» партиясының сынына ұшыраған болатын. Фракция депутаттары құжаттың көптеген кемшін тұстарын тауып, оның барлығын өзгертуді талап етті. Мәселен, құзыретті министрлік төтенше жағдайларды жою жұмысына жауапты емес болған. Ол тек халықты хабарландырып, төтенше жағдайлардың зардабымен ғана күресуге тиіс еді. Сондықтан депутаттар төтенше жағдайларды жоюды министрліктің тікелей міндеті ретінде енгізу қажет деп тапты. Бұдан басқа, онда жекеменшік өрт сөндіру қызметі, халықты хабарландыру жүйесіне қатысты мәселелер бар. Жалпы, бірінші оқылымда «Азаматтық қорғаныс туралы» заң жобасына 1500 өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Құжаттың өзі 107 беттен тұрады.

ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі В.Петровтың айтуынша, ағымдағы жылы 19 маусым күні жаңа заң Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданған болатын. «Жақын арада ол екінші оқылымнан өтеді деп сенеміз. Қазір бірқатар өзгерістер бар. Біз оны Үкіметпен келісіп, бүгін оның бәрін бітіретін боламыз. Содан құжат екінші оқылымға жолданады. Ал кейін оның Сенаттың қарауына түсетінін ескере отырып, мен сіздерден, құрметті депутаттар, аталған заң жобасына қолдау білдіруіңізді сұраймын», - деп атап көрсетті В.Петров.