Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделіне 278 млрд. теңге қажет болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін енгізуге 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 278 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Жалпы 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа модельді енгізуге республикалық бюджеттен қосымша 139 млрд. теңгеден астам қаржыны бөлу қарастырылып отыр. Бұл жарты жылға, ал бір жылға 278 млрд. теңге көлемінде қаржы керек», - деп нақтылап өтті министр.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа модель азаматтық қызметшілер лауазымдарының жаңа реестрін енгізуді, еңбек жағдайына байланысты төлемдерді оңтайландыру мен үстемақыларды қарастырады.
Т. Дүйсенованың сөзіне қарағанда, реформалау аясында Мемлекет басшысының мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын, яғни денсаулық сақтау саласында 28 пайызға дейін, білім беру саласында 29 пайызға дейін, өзге де салаларда 40 пайызға дейін арттыру туралы тапсырмасы іске асырылатын болатын.
«Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа үлгісін енгізу негізгі жалақының мәнін қалпына келтіреді, ол қызметтің соңғы нәтижесіне тәуелділігін қамтамасыз етеді және қызметкердің лауазымдық әрі кәсіби өсуіне игі ықпал ететін болады», - деп санайды Т. Дүйсенова.