Азаматтық процессуалдық кодекс - уақыт талабымен үндескен құжат

Елімізде нарықтық қатынастар мейлінше дамып, жаңа қаржылық жүйе қалыптасты. Қоғамда мемлекет пен азаматтардың арасында жаңа қатынастар орнап, осы қатынастарды реттейтін жаңа заңдар қабылдау қажеттілігі туындады.
2015 жылдың 31 қазан күні қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексін осындай маңызды заңдардың қатарына жатқызуға болды.
Аталған Заң Мемлекет басшысының 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 санды Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы құқықтық саясат тұжырымдамасын» және Елбасының Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде қойған міндеттерін орындау мақсатында әзірленді.
Республикамызда алғаш рет заңға қол қою рәсімін жариялы түрде жүргізе отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «аталған шара мемлекетіміз үшін, Қазақстанның әрбір азаматы үшін құжаттың орасан зор маңызы бар екендігімен байланысты. Бұл халыққа заңның мәнін жақсырақ жеткізуге мүмкіндік береді» - деп атап көрсеткен еді.
Қолданыстағы азаматтық істер жүргізу кодексі 1999 жылы қабылданғанын ескере отырып, қоғамда болып жатқан алға басушылықты басшылыққа алып, жаңа Заң қабылдау қажеттілігі өзекті мәселе ретінде бағаланды.
Жаңартылған Азаматтық процессуалдық кодекс бірінші кезекте «бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарында көрсетілген шараларды жүзеге асыруда қолданылады және қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуы тиіс.
Қабылданған жаңа Заңның мақсаты - Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының Ата Заңымызда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын, аталған тұлғалардың заңды мүдделерін сот органдарында тиімді қорғау, азаматтық даулардың жедел қаралуын және шешудің процессуалдық тиімділігін арттыру, сот қаулыларының жоғары сапасын қамтамасыз ету болып табылады.
Жаңа заңда қазіргі заманғы негізгі құқықтық институттар сақталды және оған халықаралық стандарттарға негізделген қазақстандық сот тәжірибесін үздік әлемдік жетістіктерге бастайтын өзгерістер, жаңалықтар енгізілді.
Заңды әзірлеген мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты.
Азаматтық процессуалдық кодексті дайындау және қабылдау жоғары қоғамдық белсенділік танытылған жағдайда, ашық және жариялы түрде жүргізілді.
Кодекстің жобасын дайындауға мүдделілік танытқан республикамыздың барлық мемлекеттік органдарының, қоғамдық ұйымдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатынасып, өздерінің пікірлері мен талаптарын білдіріп отырды.
Кодексте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері мен қағидалары жаңа талаптармен толтырылып, жүйелі түрде іске асырылды.
Ең басты назар аударатын жағдай - дауды татуластыру түрінде реттеуге көмек көрсету азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері деңгейіне көтерілді.
Аталған заңда сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, іске қатысушы тараптардың ары мен намысын құрметтеу, судьялардың тәуелсіздігі, сот ісін жүргізу тілі, жариялылық пен заңдылық, тараптардың құқықтарының тепе-теңдігі сияқты және басқа да демократиялық принциптерге негізделген қағидалар өздерінің маңыздылығын сақтап қалды.
Заңның бұқара халыққа тиімді басты жаңалықтары туралы әңгіме қозғағанда, істі сот талқылауына әзірлеу сатысының қағидалары қайта қаралып, толықтырылғанын, халықтық мүдделеріне сай келетіндей тәртіппен оңтайландырылғанын атап өту қажет.
Осы сатыда тараптар жазбаша құжаттармен алмасады, дәлелдемелер жинақтау, қажет болған жағдайда сараптама тағайындау, тиісті дәлелдемелерді алдыру, қарсы талап қою сияқты маңызды мәселелер шешіледі.
Сот тараптарға олардың құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде істерді қарау мерзімін қасақана кешіктіруге жол бермей, басқа тараптардың құқықтарын теріс пайдаланбай, өздеріне тиісті барлық процессуалдық құқықтарды адал қолдану міндеттерін түсіндіреді.
Жаңа заңда істі сот талқылауына әзірлеу мерзімін 15 күнге, кейбір күрделі даулар бойынша бір айға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Істі сот талқылауына дайындаудың қорытындысы бойынша сот алдын ала отырыс өткізеді және осы сатыда сотқа кейбір санаттағы істер бойынша шешім қабылдау құқығы берілген.
Азаматтық істерді сотта қарау және шешудің процессуалдық мерзімдерін сақтау сот төрелігі тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі екенін естен шығармау қажет.
Келесі кезекте кодексте соттарда қаралатын даулардың санын қысқарту, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, татуласу рәсімдері мен медиация институтын дамыту сияқты маңызды мәселелер өз шешімдерін тапты деп бағалауға болады.
Әсіресе, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібі, сот отырысы кезіндегі татуласу рәсімдері туралы қағидалар тиімді қолданылған.
Жаңа процессуалдық заң тараптарға дауларды сотқа дейін реттеуге, осы дауды қысқа мерзім ішінде, аз материалдық және моральдық шығындармен шешуге мүмкіндік береді.
Сол сияқты Заңда даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелген жағдайда қолданылатын талаптарды ынталандыру шаралары көрсетілген.
Дауларды сотқа дейін және сот отырысы кезінде реттеудің процессуалдық жолдары ретінде Заңда: татуластыру рәсімдері (жеке тарау), медиаторлардың қатысуымен және сот жүргізетін медиацияны қолдану, тараптар және адвокаттардың қатысуымен партисипативтік рәсімдерді қолдану қағидалары қарастырылған.
Процессуалдық Заңда азаматтық дауларды жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қараудың қағидалары толықтырылып, бұйрық шығару және жазбаша іс жүргізу арқылы кейбір санаттағы істерді шешудің жолдары өз шешімін тапқан.
Жоғарыда көрсетілген Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мақсатында, жаңа кодексте азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот сатыларын оңтайландырып, әділ сотты жүзеге асыруда үш сатылы сот жүйесін енгізу тәртіптері реттелген.
Жаңа үш буынды сот жүйесіне: бірінші саты - аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттар; апелляциялық саты - облыстық және оған теңестірілген соттар; кассациялық саты - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жатады.
Заңда сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі әрбір сот сатыларының міндеттері мен өкілеттіктері сараланып, істерді қараудың процессуалдық мерзімдері мен тәртіптері белгіленген.
Басты жаңалықтардың бірі ретінде инвестициялық қатынастардан туындайтын дауларды қараудың құқықтық негіздері анықталып, аталған дауларды бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша Астана қалалық сотының, ал ірі инвесторлардың қатысуымен Жоғары Соттың мамандандырылған алқасында қараудың тәртіптері реттелді.
Сондай-ақ, Ұлт Жоспарының 26-қадамында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында азаматтық құқықтық дауларды қарау және шешу кезінде сотқа прокурорлардың қатысуын қысқарту шаралары қарастырылған.
Қазіргі уақытта республиканың сот жүйесінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі - электрондық сот төрелігін дамыту мәселесі болып табылады.
Қолжетімділік, ашықтық және жариялылық сияқты демократиялық принциптерге негізделген халықаралық талаптарға қол жеткізудің бірден-бір жолы ретінде электрондық сот төрелігін мемлекетіміздің барлық аймақтарындағы соттардың жұмыстарына енгізу үшін айтарлықтай ұйымдастыру шаралары қолданылып жатқанын атап өту қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстан жұртының әділ сот жүйесіне деген сенімі күннен-күнге артып келеді.
Республикамызда атқарылып жатқан ауқымды шаралар бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекеттің беделін көтеруге бағытталып отыр.
Қазақстан Республикасының жаңартылған Азаматтық процессуалдық кодексінің қабылдануы еліміздің саяси және экономикалық даму жолындағы жемісті шаралардың бірі ретінде бағаланады.
Мемлекет пен азаматтық қоғамның арасында туындайтын дауларды өркениетті түрде, яғни заң талаптарын басшылыққа ала отырып, сот төрелігін жүзеге асыратын органдардың өкілеттіктері арқылы шешу - демократиялық принциптерге негізделген қоғамдық дамудың, азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті дәрежеде қорғаудың, мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының басты көрсеткіштері болып табылады.
Республикамызда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жаңа заңнамалық реформалар әр жылдары табысты жүргізіліп келеді.
Аталған Заң осы реформалық өзгерістердің жаңа қадамдарының бірі болуға тиіс.
Еліміздің ертеңі жарқын, болашағы берік, мақсаты айқын екені жүректерге жылу береді, асыл армандарға жетелейді.
Ұлы дала перзенттерінің батырлығы мен даналығын әлем жұртшылығына мойындататын күн туған сияқты.
Айымыз сәулелі, таңымыз арайлы, күніміз шуақты болсын, ағайын!
Бағлан Мақұлбеков
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының
судьясы