Азаматтық сот ісін жүргізудің бірқатар өзекті мәселелері көрсетілген актілер жинағы шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот Төрағасы Қ. Мәмидің, профессор (з.ғ.д.) А. Диденконың және Алматы қалалық сотының төрағасы А. Ештайдың редакциялығымен «Азаматтық заңнама. Мақалалар, Комментарийлер. Тәжірибе. Үлгі» атты кезекті екі топтамасы (45 және 46) жарыққа шықты. Басылымдар жарамсыз мәміле, кепілақы мен атқарушылық іс жүргізу жөніндегі сот актілерінің жинағынан тұрады.
Жинақтың 45-шығарылымы заң ғылымдарының докторы А. Диденконың жарамсыз мәміле теориясы туралы мақаласынан басталады. Басылымның негізгі бөлігінде даулар бойынша жарамсыз мәмілелер туралы Жоғарғы сот пен жергілікті соттардың сот практикасынан алынған мысалдар келтірілген. Басылымда келтірілген сот актілері мәмілелерді жарамсыз деп танудың түрлі негіздері бойынша сот практикасының тәсілдерін көрсетеді.
Кепілге негізделген құқықтық қатынас және атқарушылық іс жүргізу мәселелеріне арналған жинақтың 46-шығарылымына з.ғ.д. А. Диденконың, з.ғ.д. К. Ильясованың, з.ғ.д. С. Әлімбекованың ғылыми жарияланымдары енген.
Басылым банктердің, сот орындаушыларының қатысуымен болған қарыздарды алу, кепілақы ретінде айналымға енгізу, атқарушылық іс-әрекетке шағымдану мәселелері бойынша дауларды шешудің сот практикасына қатысты Алматы қалалық сотының сот актілерінен тұрады.
Жинақтар азаматтық заңнама саласындағы құқық қолдану мәселелерімен айналысатындарға, судьяларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, адвокаттарға, нотариустарға, жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына арналған.
Жинақтар жергілікті соттар, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Конституциялық Кеңеске таратылады. Бұдан басқа, қазақстандық тәжірибені насихаттау және тарату мақсатында бірнеше данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық сотына жолданады.
Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Анатолий Диденкоға жинақты шығаруға үлес қосқаны үшін алғыс хатын жолдады. Хатта ғалымның азаматтық құқықтың өзекті мәселелерімен көп жыл жемісті айналысқандығы атап өтілген, оның сот жүйесімен ынтымақтастығы мен бірлескен жұмысына жоғары баға берілген.