Азаматтық заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы келісім комиссиясында қаралады
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушілікті еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.
Комиссия құрамына депутаттар сайланды.
Аталған құжат экономиканы дамытудың маңызды шарты ретінде азаматтық заңнаманың тұрақтылығын сақтау кезінде Азаматтық кодекстің институттары мен нормаларын жетілдіруге бағытталады. Сонымен бірге жекеменшік институттармен келісімшарттық қатынастарды барынша нығайтуды көздейді. Мәселен, осындай институттармен келісімшарттық қатынастарды нығайту мақсатында құжат бойынша мәміле жарамсыздығына, кепілдік жарна институтын енгізуге, көлік құралын экипажсыз жалдау шартына қатысты біршама өзгерістер енгізіледі. Бұдан бөлек заң жобасымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар қамтылып отыр. Заңды тұлғаның жеке мүліктік емес құқықтарды бұзғаны үшін моральдық зиянды өндіріп алу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған түзетулер де енгізілген. Жалпы алғанда жобаға сәйкес қолданыстағы 26 заң актілеріне өзгерістер мен түзетулер енгізіледі.
Қос палата арасында құрылатын келісім комиссиясының құрамына Сенат тарапынан депутат И. Әміров, Н. Жолдасбаева, Ю. Кубайчуктар сайланды.