«Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiн бекiту туралы» Үкiмет қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - «Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 29 қарашадағы № 1146 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiн бекiту туралы» Үкiмет қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

2011 жылғы 7 желтоқсан №1483 Астана, Үкімет Үйі

«Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 29 қарашадағы № 1146 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы және «Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы заңдарына сәйкес келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:

1. «Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 29 қарашадағы № 1146 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 44, 524-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен оларды сынау әдiстерiн, Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларын бекіту туралы»;

1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қоса беріліп отырған:

1) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына криминалистiк талаптар мен оларды сынау әдiстерi;

2) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидалары бекітілсін.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына қойылатын криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiнде:

1-бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«1-бөлiм. Атыс, белгi беру, газды, электрлі, пневматикалық қаруға, оның патрондарына, сондай-ақ қаруға құрылымдық жағынан ұқсас бұйымдарға қойылатын криминалистiк талаптар»;

1-бөлімнің 2-тарауының тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Атыс, белгi беретiн, газды, электрлі, пневматикалық қаруға қойылатын жалпы криминалистiк талаптар»;

2-тараудың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2.Үрмелi қуаты 7,5 Джоульден (бұдан әрi - Дж) жоғары және калибрi 4,5 миллиметрден (бұдан әрi - мм) астам атыс, белгi беру, газды, электрлі, пневматикалық қарудың механикалық тәсілмен (соққы, қысым) немесе жоғары концентрацияланған энергия көздерiн пайдаланып, оның iшiнде лазермен орындалған, тереңдiгi кемiнде 0,2 мм өзiн дараландыратын таңбалау белгiсi (сериясы, нөмiрi) болуға тиiс.»;

20-тараудың 125-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«125.Ойық және тегiс ұңғылы атыс қарулары ұңғысыз, белгi беру, газды, электрлi, пневматикалық қарулар, олардың патрондары сияқты, сондай-ақ отандық және шетелде шығарылған қаруға құрылымы ұқсас бұйымдар.»;

21-тарау алынып тасталсын;

23-тараудың 130-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«130. Объектiлердi сынау келiп түскен материалдарды тiркеген күннен бастап 20 тәулiктiң iшiнде жүргiзiледi.»;

26-тараудың 165-тармағының 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«10) барлық зерттелетін объектiлердi криминалистiк сынақтың анықтамасына ақпараттық парақтың деректерiмен (зерттеу объектiлермен бiрге берiлетiн не Ақпараттық парақтар жинағында жарияланған немесе ақпараттық-iздеу жүйесiнде бар) мiндеттi түрде салыстыру;»;

мынадай мазмұндағы 166-1, 166-2, 166-3-тармақтармен толықтырылсын:

«166-1. Қорытындыға қосымша ретінде 4-қосымшаға сәйкес «Криминалистік сынақтардың анықтамасына ақпараттық парақтың» (бұдан әрі - ақпараттық парақ) екі данасы ресімделеді. Ақпараттық парақта: анықтаманың нөмiрi және күнi, сыналған үлгiнiң атауы, базалық үлгiнiң түрлендiру нөмiрi, жасаушы, жасаушы ел, қысқаша қорытынды көрсетiледi және оның жалпы түрiнiң фотосуретi қоса тiркеледi.

Ақпараттық парақ қорытындының немесе анықтаманың артқы бетiнде орналастырылады және сәйкестігін растау жөніндегі органға жiберiледi.

Атыс, сигнал, газды, электрлі, пневматикалық қаруды, оның патрондарын, сондай-ақ құрылымы жағынан қаруға ұқсас бұйымдарды зерттеу нәтижелерi бойынша ақпараттық парақтар сыналған үлгiнi Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының мемлекеттiк кадастрына енгiзу туралы мәселенi шешу үшiн әкiмшiлiк полиция бөлiністерiне жiберiледi.

166-2. Ақпараттық парақтар, олардың мөрмен куәландырған көшiрмелерi, сондай-ақ белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi (бiр жылғы) жинақ түрiнде жарияланған ақпараттық парақтар зерттеулер мен сараптамалар жүргiзген кезде ресми анықтамалық-әдiстемелiк материалдар болып табылады.

166-3. Бөлек парақта ресiмделген анықтамаға ақпараттық парақтардың телнұсқалары бақылау данасы ретiнде мұрағат iсiнде сақталады.

Ақпараттық парақтардың көшiрмелерi күнтiзбелiк жылдың ақпараттық парақтарының жинағы даналарын жасау үшiн пайдаланылады.

Ақпараттық парақтардың файлдары сақталады және жинақтардың ақпараттық-iздеу жүйесi түрiндегi электрондық нұсқасын жасау үшiн дерекқор құрады.

Қорытындыларға қосымшалардың көшiрмелерi мұрағатта сақталады.»;

27-тарау алынып тасталсын;

осы қаулыға қосымшаға сәйкес Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларымен толықтырылсын;

азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына қойылатын криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiне 1, 2 және 3-қосымшалар алынып тасталсын;

азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарына қойылатын криминалистiк талаптар мен сынау әдiстерiне 4-қосымшаның тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«Криминалистiк сынақтардың анықтамасына ақпараттық парақ 20 ___жылғы «____»_________№ ________анықтама».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

                                                                      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.  

  

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң

2011 жылғы «7» желтоқсандағы

№1483 қаулысына

қосымша

 

Қазақстан Республикасы

Үкiметiнiң

2007 жылғы 29 қарашадағы

№ 1146 қаулысымен

бекiтiлген

Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидалары  

1. Жалпы ережелер  

1. Осы Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы және «Жекелеген қару түрлерiнiң айналымына мемлекеттiк бақылау жасау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы заңдарына сәйкес әзірленген және азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру тәртібін айқындайды. 

2. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру тәртібі 

2. Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытынды (бұдан әрі - Қорытынды) алу үшін арыз беруші қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мынадай құжаттар мен объектілерді:

1) сынақтар жүргізуге арызды;

2) стандарттау бойынша нормативтік құжаттарды немесе техникалық тапсырманы, жұмыс сызбаларын, фирманың каталогын, қару паспортының түпнұсқасын және оны пайдалану бойынша нұсқаулықты мемлекеттік және орыс тілдерінде;

3) арыз беруші фирманың басшылығы растаған Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сынау объектісін сатып алу туралы шарттың көшірмесін;

4) сынау объектісін тізімдеме бойынша ұсынады.

3. Ұсынылған құжаттарды қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган күнтізбелік 25 күннен асырмай қарайды.

Осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген құжаттар толық ұсынылмаған немесе толық емес ақпарат ұсынылған жағдайда құжаттар қаралмай арыз берушіге күнтізбелік 2 күн ішінде қайтарылады.

4. Қарудың криминалистік талаптарға сәйкестігін сынау нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес криминалистік сынақтар анықтамасы (бұдан әрі - анықтама) ресімделеді.

Анықтама ұсынылған объектілердің әрбір базалық үлгісіне жеке ресімделеді.

Бұрын сыналған және оның нәтижелері бойынша Мемлекеттік кадастрға енгізілген объектілер қайта немесе қосымша сынауды талап етпейді.

5. Анықтаманың негізінде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес қорытынды ресімделеді.

6. Сыналған объектілерге қорытындылар тікелей арыз берушіге беріледі.

7. Қорытынды жоғалған немесе бүлінген жағдайда арыз беруші күнтізбелік он күн ішінде қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті органға қорытындының телнұсқасын беру туралы өтініш білдіреді.

Қорытындының телнұсқасын алу үшін арыз беруші Қорытындының телнұсқасын беру туралы арыз ұсынады.

Қорытындының телнұсқасы 3 жұмыс күні ішінде беріледі.

Азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының криминалистiк талаптарға сәйкестігіне қорытындылар беру қағидаларының қосымшасы ресми БАҚ-тарда жарияланды.