Азаматтың жасырын активтері анықталса, қарызы қайта мойнына ілінеді – вице-министр банкроттық жайлы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банкроттық рәсімдеп, кейін азаматтың басқа активтері бар екені анықталса, оның барлық бастапқы қарызы қайта мойнына ілінеді. Елорда тұрғындарымен кездескен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәселен, біз азаматты банкрот деп таныдық дейік. Кейін ол 1-2 айда жұмысқа орналасады, табысы артады. Біз оған ешқандай кедергі бола алмаймыз. Егер осы банкроттық рәсімдеп алып, содан соң жасырған мүлкін шығарса, онда біз банкроттықты қайтарып аламыз. Оны әдейі жасалған схема ретінде көрсетеміз. Ал банкрот деп танылып, кейін табысы артса, бұл азаматтың өзі үшін жақсы. Бұл заң адамдардың төлем қабілетін арттыру үшін жасалған», - деп мәлім етті Ержан Біржанов.
Вице-министр банкроттық рәсімдегендерге 3 жыл жүргізілетін мониторнинг кезінде оның өзге активтері бар екені анықталса, тиісті шешім күшін жоятынын мәлімдеді. Ол жағдайда жеке тұлғаның бұрынғы қарызы толық көлемде қайта өзіне жүктеледі.
«Егер азамат түрлі схемаларды қолдынып, банкроттық рәсімдеп алса және кейін оның бұл әрекеті әшкере болса, онда барлық бастапқы қарызы қайта мойнына ілінеді», - деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен қатар, Астана қаласының тұрғындарымен кездесіп, заңды түсіндірген вице-министр азаматтарды банкрот деп тану – қарызды кешіру акциясы емес екендігін баса айтты. Себебі мұның заңмен реттелетін салдары бар.