Азат Сейдалин жаңа қызметке тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Азат Сейдалин Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясы төрағасының спортты дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Азат Сейдалин жаңа қызметке тағайындалды
Фото: Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясы

2025 жылғы 26 ақпанда генерал-майор Сәкен Исабековтың бұйрығымен Азат Сейдалин Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс ассоциациясы төрағасының спортты дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Азат Әлібекұлы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстандағы спортты дамыту саласында үлкен тәжірибесі бар.

Ол еліміздегі дене шынықтыру мен спорттың дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» ведомстволық медалімен марапатталған.

- Азат Сейдалиннің қоян-қолтық ұрыс ассоциациясы басшылығына қосылуы – елімізде осы спорт түрін дамыту үшін маңызды қадам. Оның білімі, тәжірибесі және басқарушылық дағдылары  ассоциация позициясын нығайтып, спортшылардың сапалы дайындалуына және әскери-қолданбалы спорттың кеңінен таралуына ықпал етеді, - делінген хабарламада.

Айта кету керек, Азат Сейдалин жаңа қызметіне қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты қарсаңында кірісті. Ел біріншілігі 25-28 ақпан аралығында Астана қаласындағы «Abyroy» спорт кешенінде өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 20 команда құрамында 400-ден астам спортшы қатысып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай Алматы облысының спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалған еді

Соңғы жаңалықтар