«Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшысы Е.Тайжанов Австрияда жасырынып жүр - Прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшысы Ерқанат Тайжанов Австрияда жасырынып жүруі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астана қалалық прокуратурасында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
None
None

«Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Іс бойынша аудит қарастырылды. Тайжановқа қатысты сырттай қамауға алу шарасы енгізілді. Атап айтқанда, оған халықаралық іздеу жарияланды. Алдын ала мәліметтер бойынша, яғни куәгерлердің сөзінше, ол Австриядағы Вена қаласында жүр», - деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Тимур Көпбосынов. Бұдан бұрын хабарланғандай, «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшысы Ерқанат Тайжановқа қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы санкцияланды. Сондай-ақ оған іздеу жарияланды. Сонымен қатар прокуратура өкілдері бүгінде Қазақстан мен Австрия арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ екенін жеткізді. Атап айтқанда, осы іс бойынша тергеу амалдары аяқталмаған. Қазіргі кезде бірінші кезекте барша үлескерлер мен келтірілген шығын көлемі нақтылануда. Айта кетейік, «Азбука жилья» құрылыс компаниялары тобының басшыларынан «Айсанам», «Айсанам де люкс», «Комсомольский», «ExpoCity», «ExpoTown», «Комфорт», «Гарант», «Жеті Жол», «Садовые кварталы» және «Династия» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері зардап шекті. Прокуратура өкілдері қазіргі кезде жымқырылған қаражат көлемі 27 млрд. теңгеге жуықтағанын айтты. Алайда аудит және сот сараптамалық шараларынан кейін нақты ұрланған қаржы сомасы анықталады.

Соңғы жаңалықтар