«Азбука жильяның» үлескерлері өз проблемасын шешудің жолын тапты - Астана прокуратурасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде үлескерлер "Expo Town" тұрғын үй кешенінің атауын "Венский кварталға" ауыстырып, инвестордың көмегімен нысанның екі блогын аяқтауға жақындап қалды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Былтыр біз "Expo Town" бойынша жұмыс істедік. Бәріңіз де жақсы білесіздер, аталған нысан "Азбука жилья" компаниялар тобына кірген. Былтыр тамыз айында сот шешіміне сәйкес, "Expo Town" тұрғын үй-құрылыс кооперативтің (үлескерлер тобы - авт.) атына аударылды. Бастапқыда ол жерде қағылған бағаналардан басқа ештеңе болмады. Бүгінде бірінші екі блоктың құрылысы аяқталуға жақын. Шыны керек, алғашқыда адамдар не істерін білмеді. Алайда мәселені шешудің жолын тапты. Олар жобаны өзгертті. Бірінші жобада 892 пәтер болса, қазір пәтерлердің санын 1395-ке дейін жеткізді. Сөйтіп, тағы бірнеше қабатты қосу арқылы қосымша қаржыны тартты", - деді Астана қаласы прокуратурасының қызметкері Темірлан Әділxанов бүгін Астанада өткен проблемалық тұрғын үйлердің жәрмеңкесінде.
Оның айтуынша, осы іспетті мысалдар проблемалық тұрғын үйлер мәселесін шешуге болатынын көрсетіп отыр. Сондықтан инвесторлар еш қорықпай, өз қаржысын сала алады. "Ашығын айту керек, "Expo Town" тұрғын үйін салу жұмыстары осылай шешіледі деп ешкім ойламаған. Оларда төрт қабатты үйлер болды. Қазір бесінші және алтыншы қабатты қосып, тағы 500-ден астам жаңа пәтерді салайын деп жатыр. Соның арқасында инвестор үлескерлердің ұрланған ақшасын өтеп отыр", - деп атап көрсетті прокурор ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.