Әзербайжан Астанаға Қарабақ жылқысының мүсінін сыйға тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) штаб-пәтерінде Қарабақ жылқысының мүсіні таныстырылды. Оны Әзербайжан ұйымға төрағалық еткен кезеңде Қазақстанға сыйға тартқан. Мүсін АӨСШК жылына орай штаб-пәтер аумағына орнатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Іс-шараға АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай мен Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Алимирзамин Аскеров қатысты.
Алимирзамин Аскеров Қарабақ жылқысының Әзербайжанның ұлттық мәдени мұрасында айрықша орны бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл жылқы батылдық пен адалдықтың символы саналады.
Қайрат Сарыбайдың айтуынша, Қарабақ жылқысының мүсіні АӨСШК-ге қатысушы елдер тарту еткен өнер туындыларының қатарынан орын алады. Ұйымның штаб-пәтеріндегі мұндай мәдени нысандар Азия елдерінің сан алуандығын көрсетіп, мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен байланысты нығайтуға ықпал етеді.
АӨСШК штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан. Ұйым құрамына 28 мемлекет кіреді.
Бұған дейін Ильхам Әлиев ІІІ Шуша жаһандық медиафорумында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен еді. Оның айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы азат етілген аумақтарды қалпына келтіруден бастап, ірі көлік, энергетика және цифрлық жобаларды жүзеге асыруға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.