Әзербайжан азаматы Қазақстандағы заңсыз ойын бизнесін шетелден басқарып отырған
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан құқық қорғау органдары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Алматы прокуратурасының хабарлауынша, топ мүшелері ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңын өрескел бұзып, лицензиясыз онлайн-казино жүргізген. Олар пайдакүнемдік мақсатпен азаматтарды құмар ойындарына тартып, заңсыз табыс тапқан.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманың негізгі ұйымдастырушыларының бірі – Әзербайжан азаматы. Ол Қазақстан аумағынан тыс жерде отырып, онлайн-казиноның техникалық жұмысын, қаржылық операцияларын және қылмыстық жолмен алынған қаражаттың қозғалысын толық бақылап, үйлестіріп отырған.
Шетел азаматына қатысты іс материалдары оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Әзербайжанға жолданды.
— Қылмыстық топтың басқа мүшесіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданды. Сот шешімімен ол бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, - делінген хабарламада.
Ведомство Қазақстан Республикасының заңын бұзған айыпталушылар ел ішінде де, шет мемлекеттерде де орналасқанына қарамастан, жауапкершіліктен жалтарып кете алмайтынын атап өтті.
Еске салайық, мұның алдында 600 млрд теңгелік заңсыз құмар ойын схемасы бойынша 9 адам қамауға алынғанын хабарлаған едік.