Әзербайжан электронды темекілерді заң жүзінде толық айналымнан алып тастамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанда электронды темекілер мен олардың құрамдас бөліктерін азаматтық айналымда ұстауға тыйым салынған заттардың ресми тізіміне енгізу ұсынылды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі хабарлады.
Тиісті заңға енгізілетін түзетулер парламенттің Аграрлық саясат комитетінің отырысында қаралды.
Заңнамалық өзгеріс 2025 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген заң талаптарына сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Аталған заңға сәйкес, елде электронды темекілер мен олардың құрамдас бөліктерін импорттауға, экспорттауға, өндіруге, сақтауға, көтерме және бөлшек саудада сатуға, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған.
Енді түзетулер қабылданған жағдайда электронды темекілер азаматтық айналымнан шығарылған заттардың ресми тізіміне енгізіліп, қолданыстағы тыйым заң жүзінде толық бекітіледі.
Бұған дейін Әзербайжанда электронды темекіні пайдалану, импорттау, экспорттау, өндіру, көтерме және бөлшек саудада сату, сондай-ақ өткізу мақсатында сақтау үшін айыппұл белгіленгенін жаздық.
Сонымен қатар елде краудфандинг саласындағы заң бұзушылықтар үшін де айыппұл енгізу ұсынылып отыр.
1 сәуірден бастап Әзербайжанда электронды темекілердің айналымы мен қолданылуына толық тыйым салатын ауқымды заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
Бұған қоса, Әзербайжан билігі заңсыз құмар ойын бизнесіне қатысты жауапкершілікті күшейтуді жоспарлап отырғаны бұған дейін хабарланған еді.