Әзербайжанда электронды темекіге салынған тыйым күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM — 1 сәуірден бастап Әзербайжанда электронды темекілердің айналымы мен қолданылуына толық тыйым салатын ауқымды заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Әзербайжанда электронды темекіге салынған тыйым күшіне енді
Фото: NBC News

Өткен жылдың соңында қабылданған «Темекі және темекі өнімдері туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, елде электронды темекілер мен олардың құрамдас бөліктерін импорттауға, экспорттауға, өндіруге, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сатуға ресми түрде тыйым салынды. Бұл шаралар никотині бар өнімдерді қатаң бақылауға бағытталған.

Жаңартылған заңнамада никотин бар өнімдер енді темекі өнімдеріне теңестірілді. Яғни, оларға «Темекі өнімдерін тұтынуды шектеу туралы» заңдағы барлық талаптар қолданылады.

Енді электронды темекіні білім беру және медициналық мекемелерде, қоғамдық тамақтану орындарында, сауда орталықтарында, кинотеатрларда, саябақтарда, балалар алаңдарында, сондай-ақ қоғамдық көліктерде, метрода, лифтілерде және тұрғын үйлердің кіреберістерінде пайдалануға тыйым салынады.

Жаңа талаптарды бұзғаны үшін 30 манат (шамамен 18 доллар) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал электронды темекілерді заңсыз әкелу, өндіру немесе сату үшін:

  • жеке тұлғаларға – 350-ден 500 манатқа дейін,

  • лауазымды тұлғаларға – 1650-ден 2200 манатқа дейін,

  • заңды тұлғаларға – 4000-нан 5000 манатқа дейін айыппұл салынады.

Сонымен қатар, заңсыз өнім міндетті түрде тәркіленеді.

Бұған дейін Әзербайжанда электронды темекіні пайдалану, импорттау, экспорттау, өндіру, көтерме және бөлшек саудада сату, сондай-ақ өткізу мақсатында сақтау үшін айыппұл белгіленгенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар