Әзербайжан Еуроодаққа табиғи газ жеткізетін жетекші елдердің біріне айналды
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев IV Шуша жаһандық медиафорумының ашылуында мәлімдеді. Бұл жөнінде Kazinform агенттігінің оқиға орнындағы меншікті тілшісі хабарлады.
— Біз Еуроодақтың бірнеше елімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Халықаралық газ жеткізуді жүзеге асырып қана қоймай, оның көлемін де ұлғайтып келеміз. Бұл бағытта нақты сұраныстар түсті. Бүгінде Әзербайжанның сенімді, қолжетімді әрі баламалы газ жеткізуші ретіндегі рөлі он жыл бұрынғыдан әлдеқайда маңызды бола түсті, — деді Ильхам Әлиев.
Президенттің айтуынша, биыл Әзербайжан табиғи газ экспортын Аустрия мен Германияға бастады. Оның сөзінше, Еуропа мен әлемдік нарықтағы елдің ұстанымын нығайту — Бакудің ұзақмерзімді стратегиясының бір бөлігі.
Ильхам Әлиев қазіргі уақытта Әзербайжан құбыр арқылы табиғи газды 16 елге экспорттап отырғанын және алдағы уақытта жеткізу көлемін ұлғайтуды көздейтінін айтты.
Оның пікірінше, тиімді баға қалыптасқандықтан, Еуропа нарығы ең тартымды бағыт болып қала береді. Президент жеткізу көлемін одан әрі арттыру үшін жергілікті серіктестермен ұзақмерзімді келісімшарт жасасу және газ тасымалдау инфрақұрылымын бірлесіп дамыту қажет екенін атап өтті.
Еске салсақ, IV Шуша жаһандық медиафорумы 13–14 шілде күндері «Бейбітшілікті ілгерілетудегі медианың миссиясы: шындықты қалпына келтіру және сенімді жаңғырту» ұранымен өтіп жатыр.
Форумға 54 елден шамамен 160 БАҚ өкілі, сарапшы, медиа ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері қатысуда.
Іс-шара қоғамдар арасындағы сенімді нығайту, цифрлық ынтымақтастықты дамыту және қазіргі жағдайда жауапты журналистиканың рөлін арттыру мәселелеріне арналған.
Бұған дейін Әзербайжан «жасыл» энергетиканы дамыту арқылы жыл сайын 1,5 млрд текше метр табиғи газды үнемдейтіні хабарланған болатын.
Айта кетелік Қазақстан мен Әзербайжан арасында тағы 2 жаңа әуе бағыты ашылатыны туралы жазған едік.