Әзербайжан Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бакуде өткен 19-шы Әзербайжан халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі мен форумы аясында Әзербайжанның Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына қосылуы туралы келісімге қол қойылды.
Құжатқа Әзербайжанның ауыл шаруашылығы министрі Мәжнүн Мамедов қол қойды. Осылайша ел азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыс істейтін көпжақты платформаға ресми түрде мүше болды.
Салтанатты рәсім барысында Өзбекстан тарапы да тиісті құжатқа қол қойды.
Іс-шараға Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының бас директоры Берік Арын, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшылығының өкілі Нура әл-Захрани, Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әлім Байел, халықаралық ұйымдар мен форум делегацияларының өкілдері қатысты.
Берік Арын ұйымға жаңа мүшелердің қосылуы мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы заманауи сын-қатерлерге бірлесіп әрекет ету тетіктерін дамытуға ықпал ететінін айтты.
– Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына мүшелік Әзербайжанға халықаралық бағдарламалар мен бастамаларға қатысуға мүмкіндік береді. Оның ішінде агроөнеркәсіп секторына инновациялық шешімдерді енгізу, азық-түлік қауіпсіздігін басқару жүйелерін дамыту және өңірлік ынтымақтастықты кеңейту жобалары бар, – деді ұйым басшысы.
Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Қазақстанның бастамасымен құрылып, 2016 жылы жұмысын бастаған. Ұйымның штаб-пәтері Астанада орналасқан. Қазір ол Азия, Африка және араб елдерін біріктіретін маңызды халықаралық алаңға айналды.
Айта кетейік, Бакудегі қайырымдылық жәрмеңкесі Қазақстан мен Әзербайжанның мәдени байланысын нығайтты.