Әзербайжан мен Грузия шекарадағы жүк көліктерінің кезегін реттемек
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан мен Грузия кеден қызметтерінің басшылығы екі елдің мемлекеттік шекарасында жүк көліктерінің жиналып қалуына байланысты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды өңірдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Әзербайжан Мемлекеттік кеден комитетінің мәліметінше, келіссөз барысында тараптар шекарадағы қазіргі жағдайды, сондай-ақ жүк көліктерінің жиналып қалуын жою және олардың шекарадан өтуін жеделдету мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша жүк көліктерінің кезегін азайту және мемлекеттік шекарадан өту үдерісін жеделдету үшін қажетті шараларды қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Әзербайжандық бұқаралық ақпарат құралдары Әзербайжанның Құрлық көлігі агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Әзербайжан мен Грузия шекарасындағы «Қызыл көпір» өткізу бекетінде Әзербайжан тарапынан 1 030 жүк көлігі кезекте тұрған.
Сондай-ақ Ресеймен шекарадағы «Самур» кеден бекетінде 47 жүк көлігі, Иранмен шекарадағы «Астара» бекетінде 37 жүк көлігі кезекте тұр. Ал «Мазымқара» бекетінде кезек жоқ.
Тараптар жүк көліктерінің мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылды жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Грузияның Әзербайжан және Армения шекараларына дейін жаңа жедел жол салатыны хабарланған болатын.