Әзербайжан мен Иран кемелеріне қызмет көрсету уақытша тоқтатылмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміз порттарында Әзербайжан мен Ираннан келетін кемелерге қызмет көрсету уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әзербайжан мен Иран кемелеріне қызмет көрсету уақытша тоқтатылмақ

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында биылғы 5 наурыздан бастап осындай шара қабылданып отыр.

«Әзербайжан мен Ираннан келетін адамдар мен автокөлік құралдарын жүргізушілермен тасымалдайтын теңіз кемелеріне Ақтау және Құрық порттарында қызмет көрсетудің уақытша тоқтатылады», - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, шетелдік жүк кемелерінің экипаждары үшін Ақтау және Құрық порттарында кемелерден шығуға шектеу қойылады.

«Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын қазақстандық кемелер экипаждарының мүшелері порттарда ауысқан кезде оларға бақылауды күшейтетін болады. Қабылданатын шаралар туралы ақпарат Каспий маңы мемлекеттерінің теңіз әкімшіліктеріне жеткізіледі», - деп түсіндірді министрлік өкілдері.