Әзербайжан мен Қазақстан халықаралық мультимодальды көлік дәлізінің негізгі буыны - сарапшы

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзербайжан Қазақстан үшін ең алдымен стратегиялық маңызды серіктес әрі көрші ел. Мұндай пікірді «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Санат Көшкімбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Яғни, егер біз көршілестік туралы айтатын болсақ, онда бұл жағдайда Каспий бөлу сызығы емес, елдерімізді біріктіруші көпір саналады. Бізде қауіпсіздік мәселелерінде экономикалық та, саяси да күнтәртібіміз ұқсас болып келеді. Ортақ мүддеміз де бар. Атап айтар болсақ, экономикамызды реформалау бойынша да дәл сондай мақсатты алға қойып отырмыз»,- деді Санат Көшкімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға ресми сапарына орай пікір білдіре келе.

Сарапшы екі елдің де ашық теңізге шыға алмайтынын, сондықтан экономикалық байланыстарының әртараптандырылуына мүдделі екенін баса айтты.

«Бұған қоса, Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық тұрғыдан алғанда Кавказ бен Орталық Азияда, яғни өз аймақтарында көшбасшы саналады. Сондықтан да экономикалық және саяси ынтымақтастық үшін үлкен алаң бар екендігі сөзсіз. Әңгіме бүгінде елдеріміз арасындағы көлік күре жолдарын дамыту туралы болып отыр. Демек, Каспий осы жағдайда байланыстырушы көпір ретінде әрекет етеді. Бұдан басқа, бізде «орта дәлізді» дамыту жоспары қаперде тұр. Яғни, Орталық Азия мен Кавказ елдерін Түркия арқылы Еуропаға және Орталық Азия арқылы Қытайға жалғайтын мультимодальды көлік дәлізі бар. Бұл ретте Әзербайжан да, Қазақстан да халықаралық мультимодальды көлік дәлізінің маңызды әрі негізгі буыны саналады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram