Әзербайжан өкілі ТүркПА елдерін энергия көздері тасымалын бірлесіп үйлестіруге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова ТүркПА-ға мүше елдерді энергия көздерінің тасымалдау аласында бірлесіп әрекет етуге шақырды.

- Біздің аймақта қазір тағы да кейбір геосаяси күрделі жағдайлар орын алып отыр. Осындай жағдайда өзара қарым-қатынасымызды нығайтуымыз керек. Әсіресе энергия көздерін тасымалдау, логистикалық жүйелерімізді нығайтып, біріздендіру мәселесін де бірлесіп әрекет етуіміз керек, - деді ол.
Әзербайжан Парламентінің жетекшісі түркі әлемінің бірлігі жолында құрылған ұйымдар мен институттардың бәрі жемісті жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
- ТүркПА өзінің 15 жылдық тарихында өте табысты жұмыс жүргізіп келеді. Парламенттеріміздің арасындағы қарым-қатынас саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда нығайып келеді. Жалпы парламенттік дипломатияның рөлі артып отыр. Біз, әсіресе, заңнамаларымызды біріздендіру, заңдарымыздың мазмұнын жақындату жолында өте ауқымды жобаларды іске асырдық. Бұл оңай болған жоқ. Соған қарамастан ортақ үдеден шыға білдік. Парламентаралық байланыстарды бұдан әрі нығайта түсуіміз керек, - деді Сагиба Гафарова.
Сондай-ақ, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТүркПА-ға мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті.