Әзербайжан Президенті Физулиде шығармашылық орталығын салып жатқан Қазақстанға алғыс айтты
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Фезули қаласында шығармашылық орталығын салып жатқан Қазақстанға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«2026 жылдың соңына қарай 140 мыңнан астам адам Қарабақ пен Шығыс Зангезурға оралады. Осы орайда Фезули қаласында мектеп салып берген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке тағы бір мәрте ризашылығымды білдіргім келеді. Осы мектептің ашылуына екеуіміздің қатысқанымыз есімде», - деді Әзербайжан Президенті Ақордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде.
Сонымен қатар ол Қазақстан Президентіне де жылы лебізін жеткізді.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да Қазақстанның Әзербайжанға шығармашылық орталығын сыйға тартқаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. Бұл орталық қазіргі уақытта Физули қаласында салынып жатыр. Мұның бәрі біздің достығымызды, Әзербайжан мен Өзбекстан, Әзербайжан мен Қазақстан халықтары арасындағы бауырластықты білдіреді. Біз — ұлы Түркі әлемнің бір бөлігіміз және достығымыз бен бауырластығымыз тек жалғаса беретініне сенімім мол», — деді Ильхам Әлиев.