Әзербайжан президенті мен Армения премьері «Адамзат бауырластығы» сыйлығымен марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында халықаралық шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын табыс ету салтанаты өтті. Шараға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Салтанатты жиында сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұзаққа созылған Әзербайжан–Армения қақтығысынан кейін тараптар бейбіт кезеңге өткенін атап өтті.
— Біз отыз жылдан астам уақыт соғыс жағдайында болдық. Бүгінгі таңда алты айдан бері бейбіт өмір сүріп, ынтымақтастық негізінде қарым-қатынас құруды үйреніп келеміз. Ұзақ жылдар бойы қарсыласудан кейін халықтарымыздың болашағы мен әл-ауқатына көңіл бөлу мүмкіндігі пайда болуы ерекше сезім, — деді мемлекет басшысы.
Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян сыйлықтың бейбіт процесті мойындау ретіндегі маңызын атап өтті.
— Сыйлық көшбасшыларға берілгенімен, ол шын мәнінде біздің халықтарымызға тиесілі. Армян және әзербайжан қоғамдарының бейбіт болашақты қабылдауға дайын болуы осы процесті шындыққа айналдырады. Бұл марапат әрбір армян мен әрбір әзербайжан азаматқа тиесілі, — деді ол.
Салтанатта «Зайед адамзаттық бауырластық сыйлығының» лауреаты, әйелдердің құқықтары саласындағы зерттеуші Зарка Яфтали және Палестина ұйымы «Таавон» өкілі Набиль Гаддуми де сөз сөйледі.
Сол күні Абу-Дабиде Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян келіссөз өткізді. Тараптар Вашингтондағы бейбіт саммитте қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуындағы ілгерілеуді құптап, екіжақты қарым-қатынасты қалыптастыру процесін жалғастыруға дайын екендерін растады.
Кездесу барысында екіжақты сауданың басталғаны, Әзербайжаннан Арменияға мұнай өнімдерін экспорттаудың жалғасуы, сондай-ақ үшінші елдерден Әзербайжан аумағы арқылы астық пен басқа да тауарларды транзиттеу туралы сөз болды. Тараптар өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін байланыстарды сақтауға уағдаласты.
Еске салсақ, Ильхам Әлиев Давос қаласындағы Дүниежүзілік экономикалық форумда Баку мен Ереван көпжылдық қақтығыс бетін жауып, тұрақты бейбітшілік орнату жөнінде тарихи шешім қабылдағанын айтқан болатын.