Әзербайжан, Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан аумағынан халықаралық автожорық жүріп өтеді

ТМД Үкіметаралық жолшылар кеңесі ұйымдастырған VII халықаралық автожорық Әзербайжан, Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан аумағынан өтеді. Kazinform бұл туралы АЗЕРТАДЖ агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

автожорық
Фото: АЗЕРТАДЖ

Автожорық 2024 жылғы 28 сәуір мен 8 мамыр аралығына жоспарланған.

Ұзақтығы — 11 күн және 2500 шақырым.

Автожарыс бағыты мынадай: Баку — Губа — Әзербайжанның Ресеймен шекарасы — Дербент — Махачкала — Астрахань — Ресейдің Қазақстанмен шекарасы — Атырау — Бейнеу — Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасы — Нүкіс — Хиуа.

Халықаралық автожарыс аясында Баку, Махачкала мен Нүкісте халықаралық үш конференция өтеді деп жоспарланған.

Мұндай іс-шаралар автожол ісін зерттеу, тас жолдардың құрылысы, жобалау мен пайдалануға берілу жолдарын таныту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ Әзербайжан, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан мен жалпы ТМД халықтарының серіктестігі мен достығын нығайтуға бағытталған.

Қатысушыларға түрлі сыйлықтар, медальдар мен марапаттар табысталады.