Әзербайжан саясаттанушысы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы туралы айтты
БАКУ. ҚазАқпарат - Әзербайжандық сарапшы Рауф Раджабов Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамалары халыққа жоғары деңгейде әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған заманауи жүйелер кешені деп санайды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Әзербайжандағы меншікті тілшісі хабарлайды.
«Президент бастамаларының әділдігі мен ізгілігі - қазақстандық қоғамның барлық мүшелеріне, олардың еңбектік үлесін ескере отырып, тең құқықты қорғау кепілдіктері мен жеңілдіктерін құқықтық негізде қамтамасыз етудің бір түрі»,-дейді Р.Раджабов.
Ол сондай-ақ, Қазақстан басшысының әлеуметтік бастамалары елдегі биліктің нақты жүзеге асырып жатқан іс-әрекеттерінің айқын белгісі екендігіне тоқталып өтті. Сарапшының айтуынша, мемлекеттің басты және басым рөлі әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыруда. «Әлбетте, мұндай бастамаларды Қазақстан сияқты табысты және күшті мемлекет, ойдағыдай жүзеге асыра алады», - дейді Әзербайжан саясаттанушы.
Сарапшы мұндай бастамалардың Қазақстанның өңірлерінде өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізетінін атап өтті. Осындай тәсілмен күшейген ел экономикасы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және халықтың қаржылық жағдайын жақсарта түседі.