Әзербайжан шетелдіктерден COVID-паспортын талап етеді

БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанға ұшып келетін шетелдіктерде коронавирусқа вакцинация жөнінде паспорты болуы керек. Бұл туралы «Коронавирус пандемиясы (COVID-19) кезеңінде Әзербайжан Республикасында әуе көлігімен ұшуды және жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі уақытша ережелерге» ел үкіметі енгізген өзгерістерде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әзербайжан шетелдіктерден COVID-паспортын талап етеді

Түзетуге сәйкес, 18 жастан асқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар (оның ішінде уақытша/тұрақты тұруға рұқсаты бар шетелдіктер) рейске тек COVID-19 вакцинациясын растайтын құжат (ковид паспорты) немесе ұшуға дейін 72 сағат бұрын жасалған коронавирусқа теріс ПТР тесті болған кезде ғана жіберіледі.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Әзербайжанда төрт вакцина қолданылуда: CoronaVac, Sputnik V, Astra Zeneca, Pfizer.

Әзербайжаннан ұшатын жолаушыларға коронавирусқа ПТР-тест тапсыру туралы талапты тасымалдаушы межелі пунктіде белгіленген ережелерге сәйкес реттейді.