Әзербайжан жасыл энергетиканың арқасында жыл сайын 1,5 млрд текше метр газ үнемдейді

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанға энергетика жүйесін жаңғырту және жаңартылатын энергия көздері негізінде жұмыс істейтін жаңа қуаттылықты біріктіру үшін шамамен 500 млн доллар инвестиция қажет болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі. 

Азербайджан сэкономит 1,5 млрд кубометров газа благодаря «зеленой» энергетике
Фото: Trend

Елдің Энергетика министрінің орынбасары Эльнұр Солтанов бұл туралы Technovation Baku форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Оның айтуынша, 2027 жылға қарай Әзербайжандағы жаңартылатын энергия көздерінің орнатылған қуаты 2 гигаватқа жетеді.

— Осы 2 ГВт жаңартылатын энергия көздерін электр желісіне біріктіру үшін айтарлықтай инвестиция қажет — шамамен 500 млн доллар, — деп атап өтті министрдің орынбасары.

Ол елде жаңа жасыл генерациялау қондырғыларын іске қосумен қатар қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды кең ауқымды жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Әзербайжанның қуаты 2,4 ГВт ең ірі Мингячевир электр станциясында ескірген газ турбиналары заманауи қондырғылармен ауыстырылды.

Э.Солтановтың хабарлауынша, жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру және энергетикалық нысандарды жаңғырту Әзербайжанға жылына шамамен 1,5 мрд текше метр табиғи газды үнемдеуге мүмкіндік береді. 

— Белгілі бір мағынада бұл жаңа «Абшерон» газ кен орнының ашылуымен тең, — деді ол.

Ол сондай-ақ жобаның елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту тек экологиялық қана емес, сонымен қатар айтарлықтай экономикалық әсерге ие. Босатылған табиғи газ көлемін ең алдымен еуропалық нарықтарға экспорттауға болады, бұл ұлттық экономика үшін валюта түсімдерін арттырады.

— Табиғи газдың экспорттық құны жоғары. Оны еуропалық нарықтарға жоғары бағамен жеткізуге, ал алынған кірісті ұлттық экономикаға қайтаруға болады, — деп атап өтті Солтанов.

Осыған дейін Әзербайжан Еуропаға газ экспортын 56%-ға арттырғанын хабарладық.