Әзербайжанда дауыс беру басталды

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Бүгін Әзербайжанның барлық сайлау учаскелерінде осы елдің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық дауыс беру шаралары басталды.

Осылайша, «Әзербайжан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» референдум актісіне байланысты республикада вице-президент пен вице-президенттердің лауазымын енгізу, президенттің өкілеттілігін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту, сонымен қатар мемлекет басшысына Милли Меджлисті (парламент) тарату мен кезектен тыс президент сайлауын тағайындау туралы өкілеттік беру ұсынылып отыр. Бұған қоса өзгерістер президенттік сайлаулар кезінде жас ерекшеліктерін алып тастап, парламент сайлауындағы жасқа байланысты шектеуді 25-тен 18-ге дейін төмендетуді қарастырады. 

Әзербайжанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, референдумның өткізілуін байқау мақсатында ЕКПА мен өзге де халықаралық ұйымдарды қоса алғанда 35 мемлекеттен 117 халықаралық байқаушы тіркелген.

Бүкіл мемлекет бойынша, барлығы 5 мың 600-ден астам сайлау учаскелері ұйымдастырылған, ондағы дауыс берушілер саны 53 мың адамды құрайды. Бұл бір сайлау учаскесіне 10 байқаушыдан келеді деген сөз. Байқаушылардың арасында саяси партиялардың өкілдері мен референдум үдерісін байқауға ниет білдірген қатардағы азаматтар да бар.

Бұған қоса, дауыс беру шарасын қысқамерзімді бақылау шарасын ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясына кіретін парламент депутаттарының халықаралық миссиясын басқару үшін Әзірбайжанға келді. Бұл топқа Қырғызстан мен Түркия парламентінің өкілдері де кірді. 

Жұмыс жоспары бойынша, байқаушылар миссиясы ресми тұлғалармен, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, жалпы дауыс беру жұмыстарымен танысады. Сонымен қатар, дауыс беру күні Баку қаласында орналасқан сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісін байқайды.

Дулатбековтың айтуынша, «ТүрікПА 2010 жылдан бері ұйымға мүше мемлекеттердегі жалпыға бірдей дауыс беру шараларын байқап келеді. Мұндай іс-шаралар біздің мемлекеттеріміздегі дауыс беру жұмыстарын одан әрі дамытуға ықпал етеді. Түрік әлеміндегі демократиялық құндылықтарды нығайту - біздің басты мақсатымыз». 

Айта кетейік, Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев ағымдағы жылдың 1-шілдесінде республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу референдумы туралы Акт жобасын Конституциялық сотқа енгізуді тапсырып, ол мақұлданып, одан соң Мемлекет басшысы 2016 жылдың 26 қыркүйегі күні референдум өткізу туралы құжатқа қол қойды.

Соңғы жаңалықтар