Әзербайжанда еңбек шарты жоқ жұмысшылар үшін жаңа медициналық сақтандыру ережелері енгізіледі

АСТАНА.KAZINFORM — Әзербайжанда бейресми секторда жұмыс істейтіндер үшін міндетті медициналық сақтандыру жарналары енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Әзербайжанда еңбек шарты жоқ жұмысшылар үшін жаңа медициналық сақтандыру ережелері енгізіледі
Фото: Report.az

Әзербайжан Парламенті Міндетті медициналық сақтандыру туралы заңға түзетулер енгізіп, ресми еңбек шартынсыз жұмыс істейтін азаматтарға қосымша міндеттемелер жүктеді.

Түзетулерге сәйкес, бейресми секторда жұмыс істейтін және табыс табатын барлық адам Міндетті медициналық сақтандыру қорына (ММСҚ) ай сайын шамамен 16 манат (шамамен 10 доллар) сақтандыру жарнасын төлеуі тиіс. Төлемді кешіктіргені үшін төлем сомасының 10% көлемінде айыппұл салынады.

Жаңа ережелер ауыл шаруашылығы жұмысшыларына, қолөнершілерге, ресми келісімшартсыз қызмет көрсететін жеке тұлғаларға және іс жүзінде жұмыс істейтін, бірақ ресми тіркелмеген жеке кәсіпкерлерге қолданылады.

Ресми түрде жұмыссыз деп танылған және мемлекеттік әлеуметтік көмек алатын азаматтардың жарналары мемлекет тарапынан төленеді. Оларға қойылатын шарттар өзгеріссіз қалады. Заң шығарушылар жаңа ережелердің мақсаты міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қамтуын кеңейту, медициналық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және елде ресми жұмыспен қамтуды ынталандыру екенін атап өтті.

БАҚ-та қазіргі уақытта ресми түрде жұмыс істейтін ұйымдардағы қызметкерлер жалақысының 2%-ын, ал жұмыс берушілер міндетті медициналық сақтандыру қорына тағы 2%-ын аударатыны туралы хабарланды. Жұмыссыз азаматтар үшін 16 манат көлемінде бекітілген мөлшерлеме ұсынылады, бұл ең төменгі жалақының 4%-ын (400 манат) құрайды.

Бұған дейін 2026 жылға қарай міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен тағы 1 миллионнан астам қазақстандық қамтылатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар