Әзербайжанда карантин шаралары жеңілдетілді
Жедел штабтың қаулысына сәйкес, 2021 жылдың 1 қазанынан бастап демалыс күндері қоғамдық транспорттың жұмысына қойылған шектеу алынып тасталады.
Одан бөлек, 1 қазаннан бастап мәдениет нысандарының, атап айтқанда концерт залдары, сонымен қатар конференц-залдар, кинотеатрлар мен театрлар жұмысы қайта жанданады. Алайда аталмыш залдарды тек 50%-ға дейін толтыруға рұқсат етілген. Жұмысын қайта жандандыратындар қатарында демалыс және ойын-сауық орталықтары, балалар ойын-сауық орталықтары бар.
Жұмыс істеуге рұқсат етілген нысандар 00:00-ге дейін қызмет көрсете алады. 18 жастан жоғары азаматтарға бұл жерлерге бару үшін COVID-паспорт немесе COVID-19-ға қарсы вакцина алуға болмайтыны жөнінде сертификат талап етіледі. Ал аталмыш жерлерде жұмыс істейтін мамандар мен жұмысшылардың 80%-да осындай құжат болуы керек.
Жедел штаб енгізген өзгерістер тұрақты рейстер жолаушыларына да қатысты. Мысалы, 1 қазаннан бастап елдің қалалары мен аудандары арасында теміржол және автокөлік транспорттарын пайдаланушылар COVID-паспорт көрсетуге міндетті. Алайда паспорт Баку мен Сумгайыт қалалары арасында, сонымен қатар Абшерон ауданының аумағында жолаушыларды тасымалдау кезінде сұралмайды. Такси қызметін пайдалану үшін де паспорт міндеттелмейді.
Атап өтейік, елдегі вакцина алған азаматтар саны 8 227 729-ға жетті. Олардың ішінде бірінші дозаны алғандар саны – 4 683 453, ал екінші дозаны алған азаматтар саны – 544 276.