Әзербайжанда Наурыз тойы басталып кетті
БАКУ. ҚазАқпарат - Бүгін Әзербайжанда Наурыз мерекесін тойлау басталып кетті. Ондағы дәстүр бойынша, көктем меркесіне дейін мұнда төрт сейсенбінің тойы тойланады.
Бүгінгі Су Чершенбесін (судағы сейсенбі) тойлаудан Новрузға дайындық басталады. Мереке алдындағы 3 сейсенбі Одлу Чершенбесі (оттағы сейсенбі), Торпаг Чершенбесі (жердегі сейсенбі) және Ахыр Чершенбесі (соңғы сейсенбі) деп аталады. Халық сеніміне қарағанда, бүгінгі алғашқы сейсенбіде қатып қалған суларға жан біткендей жаңарып, қозғала бастайды. Бұл күні күн шыққаннан өзенге суға бару керек. Жуынып, бір-біріне тіршілік көзін себелеп шашу қажет. Екіншісінде - от, үшіншісінде - жер. Төртінші сейсенбіде ағаштар бүршік жарып, жер көгереді, көктем келеді. Бүгіннен бастап халық үйлерін жинастырып, тәтті тағамдарды әзірлей бастайды. Көктемдегі күн мен түннің теңесуінде, 20-21 наурызда түркі халқы Наурыз (Новруз) мерекесін тойлайды. Қазақстан мен Әзербайжаннан басқа Наурыз мейрамын Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. ел халықтары ерекше атап өтеді.