Әзербайжанда Tax Free жүйесі енгізіледі
БАКУ. ҚазАқпарат - Әзербайжанда тесттік режімде Tax Free жүйесі енгізіледі.
Әзербайжанға келген шетелдіктер қаржысын үнемдеу үшін сатып алу кезінде Tax Free жүйесінің мүмкіндіктерін пайдаланып, төленген ақшаның бөлігін қайтарып ала алады.
Бұл туралы Әзербайжан Салық министрлігі хабарлады.
«Тиісті құжаттар бекітуге ұсынылды, қазіргі уақытта көрсетілген жүйе тесттік режімде жұмыс істейтін болады», - деп мәлімдеді министрлікте.
Tax Free - тауарға төленген, шетелдік азамат сатып алған, коммерциялық және өндірістік мақсатқа арналмаған қосымша құнға (ҚҚС) салықты қайтару тетігі.
Сатып алудың бұл мүмкіндігін пайдалану үшін Tax Free стикерлері (жапсырмалары) бар сауда нысандарында сауда жасалуы тиіс. Елден шығар кезде әуежайдан да ҚҚС-ны қайтарып алуға болады. Әзербайжанда барлық тауарға ҚҚС ставкасы 18 пайызды құрайды.
Дүкендерде Tax Free стикерлерімен тауарды сатып алған кезде сатушыға осы жүйе мүмкіндіктерін пайдаланғысы келетіні жайлы айту қажет. Одан әрі шетелдік азаматтығын растайтын төлқұжатын көрсетіп, электрондық салық шот фактурасын толтыру қажет.