Әзербайжанға коронавирусқа қарсы қытайлық вакцинаның 5 млн дозасы жеткізілмек

БАКУ. ҚазАқпарат – Коронавируспен күресте Қытай мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық аясында Бакуге COVID-19 вирусына қарсы қытайлық вакцинаның кезекті партиясы жеткізілді. Бұл туралы Әзербайжан Республикасының денсаулық сақтау министрінің орынбасары Виктор Гасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
None
None

«Әзербайжанға 5 млн доза вакцина жеткізу туралы 10 күн бұрын жасалған келісішартқа сәйкес бүгін Қытайдан Бакуге «Coronavac» препаратының 500 мың дозасы жеткізілді. Вакциналау қарқыны жоғары болған сайын Әзербайжандағы эпидемиологиялық ахуал да жылдам тұрақталуда», - деді журналистерге В.Гасымов.

Сондай-ақ екпе салдыру кезінде сөз сөйлеген ҚХР-дың Бакудегі елшісі Го Минь Қытай үкіметі жақын арада Әзербайжанға қытайлық «SinoVac» вакцинасының 150 мың дозасын тегін беретінін жеткізді.

Айта кетейік, наурыз айында Әзербайжанда коронавирусқа шалдыққандар саны 200-ден 2200-ге дейін, яғни 10 есеге өсті. Инфекционист Вугар Джавадзаде бұл жағдайды елде британдық штаммның (B1.1.7) пайда болуымен байланыстырады.

Еске сала кетейік, 5 сәуірде Кореядан Әзербайжанға бірлескен ағылшын-швед компаниясы өндірген «Vaxzevria» вакцинасының (бұрынғы атауы AstraZeneca) 84 мың дозасы жеткізіледі. Мамыр айының соңына дейін республикаға осы вакцинаның 432 мың дозасын әкелу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 8 апта ішінде Әзербайжан Республикасына Pfizer-BioNTech вакцинасының 218 790 дозасы жеткізіледі.

Жоғарыда аталған препараттардан басқа, Әзербайжан Үкіметі ресейлік «Sputnik V» вакцинасының 300 мың дозасын сатып алу туралы келіссөздер жүргізуде.

Бүгінгі таңда Әзербайжанда халықтың шамамен 5%-ы коронавирусқа қарсы вакцина алды, бұл шамамен 550 мың адам. Вакцинацияның тиімділігі үшін оған тәуекел тобына кіретін азаматтардың кемінде 70%-ы қатысуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар