Әзербайжанға үш жаңа бағыт ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рейстер саны аптасына 30-дан 33 рейске дейін ұлғайды, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Әзербайжанға үш жаңа бағыт ашылады
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігі ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді.

Биылғы жылдың 16 маусымынан бастап AZAL әуе компаниясы Шымкент — Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет жиілікпен жаңа тұрақты рейстерді орындауды бастады. Нәтижесінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рейстер саны аптасына 30-дан 33 рейске дейін ұлғайды.

Сонымен қатар, әуе компаниясы Ақтөбе — Баку бағыты бойынша аптасына 3 рет және Атырау — Баку бағыты бойынша аптасына 4 рет тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр.

— Жаңа бағыттардың ашылуы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді, — дейді ведомство өкілдері.

Бұған дейін Әзербайжан жүк тасымалдау көлемін екі есеге арттыратынын жазғанбыз.