Әзербайжанның Еңбек министрлігі мен ИЫҰ жанындағы Еңбек орталығы оқу курстарын ашады

Әзербайжанның Еңбек министрлігі мен ИЫҰ жанындағы Еңбек орталығы оқу курстарын ашады
Фото: Азертадж

Әзербайжанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ислам елдерінің статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер және оқыту орталығы (SESRIC) бірлескен оқу курстары, семинарлар және танысу сапарларын өткізуге келісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі. 

Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттер еңбек министрлерінің V конференциясына қатысу шеңберінде Бакуде Әзербайжан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Сахиль Бабаевтің SESRIC директоры Захра Зюмрут Сельчукпен кездесуі өтті.

Тараптар SESRIC жанындағы Еңбек орталығы мен министрлікке қарасты Еңбек нарығы және халықты әлеуметтік қорғау ұлттық обсерваториясы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті.

Сельчуктің атап өтуінше, екі мекеме арасындағы қарым-қатынастарды кезең-кезеңімен кеңейту үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кездесуде С.Бабаев пен З.Сельчук министрлік пен SESRIC арасындағы болашақ ынтымақтастық бағыттарын айқындайтын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, тараптар арнайы оқу курстары, семинарлар, кездесулер мен оқу сапарлары сияқты бірлескен іс-шараларды ұйымдастырып, үйлестіреді. сондай-ақ бірлескен жарияланымдар, баяндамалар мен зерттеулер дайындау үшін білім және тәжірибе алмасады.

Бұл іс-шаралардың мақсаты – министрліктің институционалдық және кадрлық әлеуетін нығайту.

SESRIC немесе Ислам елдерінің статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер және оқу орталығы 1977 жылы мамырда Триполиде өткен Сыртқы істер министрлерінің сегізінші Ислам конференциясында қабылданған қарарды орындау мақсатында Ислам Ынтымақтастық Ұйымының қосалқы органы ретінде құрылды.

Соңғы жаңалықтар